Биыл жүк таситын әуе кемесі сатып алынады

2040 жылға қарай әлемдегі жүк тасымалының 20 пайызы Еуропа-Азия бағытына тиесілі болады. 

Ал дәл осы екі құрлықты байланыстырып тұрған Қазақстан халықаралық ірі авиахабқа айналуға тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдегі әр әуежайдың бәсекеге қабілетті тұстарын айқындап, инфрақұрылымын дамыту міндеті тұр. Қазір алты өңірде авиахаб бар. Олар Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтау және Ақтөбе қалаларында орналасқан. Бірқатар өңірде әуежай терминалын және ұшу-қону алаңдары жөнделіп жатыр. Былтыр Қазақстан аспаны арқылы 173 мың тонна тауар тасымалданған. Ал биыл 4 ай ішінде 50 мың тонна жүк жөнелтілді. Мультимодальді логистиканы дамытуға тиіс ұлттық авиакомпания биылдан бастап әуе кемелерін сатып алуға кіріседі.

Әділет Көбенов, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Стратегиялық өзара іс-қимыл және бастамалар басқармасының басшысы:

- Әрине, басқаларымен салыстырғанда Алматы мен Астана қаласында рейстер саны көп. Соларды жандандыру бойынша жоспарланған жұмыстар бар. Әр әуежайға өзінің деңгейінде тиісті жоспарлар қарастырылған. Еуропа мен Азия арасы, Қытай, Жапония, Оңтүстік-Шығыс Азия бағыты бойынша әуе тасымалы жүзеге асырылып жатыр.

Астанада жаңа әуежай қай жерге салынады?

Астанада жаңа әуежай салуға қолайлы аумақ қарастырылып жатыр. Мемлекет басшысы таяуда құзырлы органдардан осындай стратегиялық нысан жобасына қатысты нақты ұсыныс талап етті. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, елорда маңынан екі жер телімі таңдалған. Соның ішінде Балқарағай бағытына басымдық беріліп отыр. «Дегенмен түпкілікті шешім техникалық-экономикалық негіздеме әзірленгеннен кейін қабылданады», - деді министр.

Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:

- Жоба қомақты инвестицияны талап етеді. Қазір техникалық және инвестициялық серістестер таңдалып жатыр. Жобаны Астана қаласының әкімідігі үйлестіреді. Олар бірқатар компаниямен келісім жүргізеді. 

Әуе компаниялары отынды делдалсыз алады

Әуе компаниялары авиаотынды мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей сатып алады. Мұндай қолдау түрі бағаны тұрақтандыруға және транзиттік рейстерді арттыруға бағытталған. Көлік министрілігінің мәліметіне қарағанда, елге жыл сайын 1,2 млн тонна авиаотын қажет. Ал отандық өндіріс қуаты 750 мың тонна шамасында. Қалғаны импортқа тиесілі. Биыл отандық әуе компаниялары жолаушы тасымалдауға арналған үш ұшақ сатып алды. Ал жыл соңына дейін тағы алтауы жеткізіледі. Қазір компаниялардың авиапаркінде 111 ұшақ бар. 2040 жылға дейін олардың санын 260-тан асыру жоспарда бар.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

- Ұдайы ұшып жүрген ұшақтардың бәрі жас. Мөлшері, мысалы, Air Astana-ның орташа жасы 7 жыл, Скаттікі 15 жылдай, Қазақ эйрде 10 жылдың маңайында. Ол негізі әлемдік ұшақтардың паркімен салыстырғанда жақсы көрсеткіш деп санаймыз.

Әуе компаниялары отынды делдалсыз алады 

ИКАО талаптары бойынша, Қазақстандағы әуежайлар қауіпсіздігі 95 пайыз, ал әуе компанияларының қауіпсіздігі 82 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш арқылы біздің ел әлемдегі алдыңғы 20 мемлекеттік қатарына кірді.