Павлодар облысында инвесторлар құқығы қорғалды
Павлодар облысында жалпы құны 13 триллион теңгеден асатын 169 инвестициялық жоба
жүзеге асырылып жатыр.
Бұл ретте инвестиция тартуға ғана емес, кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге де ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде прокуратура органдарының араласуымен 30-дан астам инвестордың мәселесі оң шешімін тапты.
Павлодарда өткен өңірлік форумның негізгі тақырыбы бизнес үшін қолайлы жағдай жасау және инвесторларға нақты қолдау көрсетуді қамтыған. Бүгінде прокуратура инвестициялық жобаларды арнайы цифрлық платформа арқылы нақты уақыт режимінде сүйемелдейді. Бұл тәсілдің тиімділігі де жоғары. Жыл басында жүйеде 1 мың 900 жоба болса, қазір олардың саны 3 мың 500-ден асты.
Бауыржан Ералы, ҚР Бас прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеттің төрағасы:
- Қазір аймақта 13,7 триллион теңгені құрайтын 169 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың аясында 24 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өңірдің ғана емес мемлекеттіміздің экономикалық дамуы үшін маңызды жобалар.
Павлодар облысында бүгінде ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып, жаңа өндірістер ашылуда. Алайда кейбір кәсіпкерлер түрлі қиындықтарға тап болады.
Солардың бірі өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалығы. Жерлері ауыл шаруашылығына арналғанымен, елді мекен аумағында орналасқанына байланысты кәсіпкер субсидиядан қағылған.
Қуаныш Баймағамбетов, шаруа қожалығының басшысы:
- Бір жыл бойы мәселені шешуге тырысып, түрлі мекемелерге жүгіндік. Бірақ еш нәтиже болмады. Кейін Павлодар облысы прокуратурасының жанындағы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне көмек сұрап бардық. Солардың көмегімен мәселеміз шешілді.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау және бюрократиялық кедергілерді жедел жою прокуратура жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бұл жұмыстың нақты нәтижесі сандар мен жүзеге асырылып жатқан жобалардан көрінеді.
Әділет Әлмұхамбетов, облыс прокурорының аға көмекшісі, инвесторлар құқығын қорғау тобының жетекшісі:
- Ағымдағы жылдың басынан біз жалпы көлемі шамамен алты жүз миллиард теңгені құрайтын жобалар бойынша отыздан астам инвесторлардың сұрақтарын шештік, оларды іске асыру төрт мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді. Бұл сандардың артында нақты жобалар және өндірістер мен жұмыс орындары тұр.
Бизнеске қолдау көрсетіп, кәсіпкерлердің мәселесін дер кезінде шешу инвесторлардың өңірге деген сенімін арттырады. Ал инвестиция көбейсе, жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары пайда болады. Бұл, өз кезегінде, облыс экономикасының дамуына мүмкіндік береді.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков