Шетелден авиализинг берушілер тартылады
Қазақстан Әуе кемелері паркін ұлғайтады. Бұл үшін авиализинг компаниялармен келісім жасалып жатыр. Жаңадан құрылған отандық авиакомпания алғаш рет америкалық кәсіпорыннан жүк тасымалдайтын ұшақты лизингке алды.
Енді Еуропа мен Азия арасында тауар тасуға кіріседі. Жалпы лизингтің пайдасы неде? Артықшылығы қандай? Шетелдік тәжірибе не дейді?
3-4 жылда Орталық Азия мен Кавказда әуе кемелері паркі екі есе ұлғаяды. Бұл Астана халықаралық қаржы орталығының болжамы. Бұған лизинг көп пайдасын тигізеді. Жалпы әлемдегі коммерциялық әуе кемелерінің 45 пайызы авиакомпаниялардың меншігінде. Қалғаны осы лизинг берушілерге тиесілі. Бұл басқа қаржыландыру тетіктеріне қарағанда лизингке сұраныстың жоғары екенін аңғартады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана халықаралық қаржы орталығы былтырдан бастап әуе компанияларын қолдауға кірісті. Соның ішінде жүк тасымалына басымдық бар. Бұл үшін шетелден лизинг берушілерді тарту – мақсат. Осы себепті жетекші қаржыландыру көздері Ирландия, Сингапур, Гонконг, Дубай және АҚШ-тың тәжірибесі зерттелді.
Әсел Бағысова, АХҚО авиациялық-қаржылық хабының басшысы:
- Орталық Азия елдерінің әуе арқылы жүк тасымалдау әлеуеті зор. Сондықтан дәл осы салаға басымдық беріп, аймақтың авиациалық хабына айналуымыз керек. Мұны Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында атап өтті. Астана халықаралық қаржы орталығы авиациялық-қаржылық инфрақұрылымын ұсынуға дайын. Нарыққа шетелдік лизинг берушілерді тартып жатырмыз. Олар әуе кемелері паркін жасақтауға қолайлы мүмкіндік береді.
Жаңа авиакомпания жүк тасымалдауға дайын
Авиализинг берушілер үшін ең алдымен мемлекеттің құқықтық жүйесі, салық режимі және авиациялық қызмет сапасы маңызды. Ал Қазақстан 50-ден астам елмен салықтық келісім жасасқан. Лизинг бойынша бірқатар уағдаластық тағы бар. Сондай-ақ біздің ел Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттарына 82%-ға сәйкес келеді. Бұл әлемдік және аймақтық орташа көрсеткіштерден жоғары. Осының барлығын ескерсек, авиализинг берушілерге қолайлы мүмкіндік бар.
Астанада өткен форум аясында Қазақстанның жүк таситын жаңа әуе компаниясы алғаш рет америкалық лизинг берушіден ұшақ алды. Астана халықаралық қаржы орталығының мәліметіне сүйенсек, отандық компания Қытайға, Түркияға жүк тасымалдайды.
Әсел Бағысова, АХҚО авиациялық-қаржылық хабының басшысы:
- Жаңа компания Боинг 757 маркалы алғашы ұшағын алды. Ол қазақстандық тіркеуден өтеді. Тәжірибелі әуекомпаниялар осындай серіктес табу, лизинг алу, қаржылай қолдау тетіктерін жақсы біледі. Ал нарыққа енді келген компаниялар, әсіресе теміржол мен су жолы арқылы жүк тасушылар үшін авиация саласы жұмбақ. Сондықтан біз оларға халықаралық талаптарды түсіндіреміз.
Сингапурға әуе рейсі ашылады
Қазақстан мен Сингапур арасында жолаушыларға арналған әуе рейсі ашылады. Мұны Көлік министрлігі хабарлады. Отандық ірі авиакомпания 20 қазаннан бастап «Шымкент – Сингапур» бағыты бойынша жаңа рейсті іске қосқалы отыр. Аптасына 2 рейс орындалады. «Ұшақ Қытай аумағы арқылы транзитпен ұша отырып, әуе еркіндігінің бесінші дәрежесі құқығын пайдаланады» делінген ведомство жазбасында. Яғни жолаушылар Қытайдың Санья қаласына дейін ұшып, одан әрі Сингапурға сапарын жалғастыра алады. Осылайша әуе компаниясы жолаушыларды Қазақстан мен Сингапур арасында ғана емес, Қытай мен Сингапур арасында да тасымалдауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар Сауд Арабиясымен әуе қатынасының мүмкіндіктері кеңейді. Екі ел Үкіметтерінің келісіміне сәйкес, тараптар рұқсат етілген тұрақты рейстер санын аптасына 28-ден 70-ке дейін ұлғайтты. Мұндай келісімдер мемлекеттердің туризм, инвестиция және іскерлік байланысын одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін нығайтуға ықпал етері анық.
Бүгінде Қазақстаннан 32 елге тікелей әуе рейсі бар. Авиакомпаниялар 161 халықаралық бағытта жолаушы тасымалдайды. Былтыр 15 млн астам жолаушы мен 170 мың тоннадан астам жүк тасымалданған. Биыл бұл көрсеткішті арттыру міндеті қойылған.