Астық нарығында бәсеке күшейді
Астық нарығында бәсеке күшейіп келеді.
Қазақстан бидайын тұрақты алып келген елдерде арзан астық пайда болды. Бұл отандық фермерлерді жаңа тұтынушы іздеуге мәжбүрлеуде. Себебі ол жақтағы баға жоғары. Бірақ бұл нарықтарға шығу оңай емес. Қазақстан Мұхитқа тікелей шыға алмайтын болғандықтан басқа елдердің аумағы арқылы өтуге мәжбүр. Бұл тасымал құнын қымбаттатады. Екі оттың ортасында қалған шаруалар жайы бүгін Астанада өткен «EURASIAN AGRICOM-2026» форумында талқыланды.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Қазақстанда алқаптардың 70 пайыздан астамында күзгі жиын-терім аяқталды. Бұл қамбаларға 16 млн тоннадан астам астық түсті деген сөз. Ал ішкі нарықты толық қамтуға оның 9 млн тоннасы жетеді. Қалғанын фермерлер сыртқа сатып, пайда табады. Алайда соңғы жылдары бұл нарықта бәсеке күшейген. Арзан дән біздің диқандарды ығыстырып барады. Оның үстіне кей дақылдарды шекара асыру үшін экспорттық баж салығын төлеуі керек. Бүгінде бұл алымның мөлшері 20 пайыз.
Астана іргесіндегі «Ақмола Феникс» қожалығы астық егуді үй жануарларына азық ретінде еге бастаған. Бара-бара шаруашылық кеңейіп, дәстүрлі бидай, арпа, жүгерісен қатар, бұршақ, зығыр, күнбағыс дәндерін себуге көшкен. Себебі бұл дақылдардан түсетін пайда көп дейді қожалық жектекшісі.
Досжан Бакіров, «Ақмола Феникс» АҚ жетекшісі:
- Бізге қиындық тудырып отырған факторлардың бірі экспорттық баж салығы. Шатаспасам, қазір күнбағыс дәніне 100 доллардан салық салынады. Бұл майлы дақылдар нарығын дамытуға кедергі келтіреді. Дәстүрлі арпа мен бидайға қарағанда астықтың бұл түрінен түсетін табыс жоғары. Сондықтан елде күнбағыс өсіргісі келетін шаруалар көп. Бірақ сыртқы нарықтағы бәсеке жоғары болғандықтан түрлі алымдар олардың тиімді баға ұсынуына кедергі келтіреді.
Фермерлерге астықты шекара асыру тиімді. Себебі ішкі нарықтағы бағадан, шетелдегі серіктестер ұсынатын баға жоғары. Яғни, көбірек пайда табуға болады. Бұл өз кезегінде олардың қожалығын кеңейтуіне, жаңа техника сатып алып, тың технологияларды енгізуіне мүмкіндік береді. Ал әлемде ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс жоғары. Әсіресе Африка елдері біздің дәнді алуға ниетті.
Жандос Қуанышев Қазақстан астық одағы логистика комитетінің басшысы:
- Солтүстік Африкаға жету үшін бізге бірнеше елдің аумағынан өту керек. Содан кейін теңіз арқылы жүретін жол бар. Оның бәрі қосымша шығын. Сондықтан фермерлерге түсетін салмақты азайту үшін мемлекет көлік субсидиясын төлейді. Бұл өте дұрыс шешім болды. Алайда біздің астық экспорттаушылар ол төлемдерді ала алмай жүргенін айтады. Яғни 24-25 жылдары сол жаққа қарызданып-қауғаланып бидай сатуға барған диқандардың шығындары әлі өтелген жоқ.
Өз кезегінде әлемде бәсеке жыл өткен сайын қызып келеді. Бірақ Қазақстан бидайы сыртқы нарықтағы басымдығын жоғалтқан жоқ. Жоғары сұрыпты дәннің бәсі арзан астықтан едәуір биік. Яғни әр өнімнің өз тұтынушысы бар дейді мамандар.
Евгений Карабанов, Қазақстан Астық одағының аналитика комитетінің басшысы:
- Осы маусымдағы ахуал қазақстандық экспортерлерге оңай соғып тұрған жоқ. Ресейдің астығы біздің дістүрлі нарықтарға келіп, бәсекелесіп жатыр. Бірақ тбіздің шаруалар осы жылы өте жоғары сұрыпты өнім алды. Оны біздің тұрақты тұтынушыларымыз жақсы біледі. Сондықтан көршіміздің 4-5 сұрыпты өнімі тек аздаған мөлшерде ғана саудаланып жатыр.
Төменгі сұрыпты астық түрлі жем жасайтын өңдеушілерге сатылады. Сондықтан үйреншікті нарықтарда бізге қауіп жоқ дейді сарапшылар.
Александр Малов, Қазақстан Астық одағының сауда комитетінің жетекшісі:
- Біз Орталық Азия мен Қытай нарықтарында басымдыққа иеміз. Экспортымыздың басым бөлігі осы елдерге жіберіледі. Ал Каспий теңізі жағалауындағы Әзербайжан мен Иран нарығында негізінен Ресей астығы сатылады. Дегенмен, биыл тарихи нәтиже тіркедік. Экспортымыз 15 млн тоннаға жетті. Бұған дейін мұндай болмаған.
Кеше ғана үкімет астық бағасын бекітті. Оған сәйкес, үшінші сыныпты бидайдың тоннасы сапасына қарай 92 мыңнан 115 мың теңгеге дейін белгіленбек. Бұл биыл шаруалар ала жаздай төккен терін су тегінге саудаламайды деген сөз.
Серік Селеубайұлы, Мұрат Әріпханов