АҚШ-тың 13 штаты мен Вашингтонда энергетикалық төтенше жағдай жарияланды
АҚШ-тың 13 штаты мен Колумбия округіндегі электрмен жабдықтау жүйесінде іркіліс қаупіне байланысты төтенше шаралар енгізілді. Бұл туралы АҚШ Энергетика министрі Крис Райт арнайы өкім шығарды, деп хабарлайды 24KZ.
АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметінше, мұндай шешім электр энергиясына сұраныстың артуына, күзгі жоспарлы жөндеу жұмыстарына және электр жеткізу желілеріндегі көптеген ажыратуға байланысты қабылданған.
Өкімге сәйкес, PJM Interconnection операторы электрмен жабдықтаудың тұрақтылығын сақтау үшін белгілі бір электр станцияларының жұмысын қамтамасыз етуі керек. Қажет болған жағдайда резервтік қуат көздерін де іске қосуға рұқсат берілді. Бұл шаралар энергетикалық төтенше жағдайдың ең жоғары деңгейі жарияланғанға дейін немесе сол кезеңде қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар PJM операторы электр жеткізу желілерінің иелері мен тарату компанияларынан өкім талаптарын орындауды сұрай алады. Құжат 2026 жылғы 13-16 қазан аралығында қолданылады.
Бұл өкім Орта Атлантика өңіріндегі миллиондаған америкалық отбасы мен кәсіпорынды қолжетімді, сенімді әрі қауіпсіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге көмектеседі. Ол үшін қажет болған жағдайда резервтік қуат көздерін қоса алғанда, қосымша генерациялық қуаттар пайдаланылатын болады, – деді Крис Райт.
Министрдің айтуынша, бұған дейінгі ел басшылығының энергия тұтынуды қысқартуға бағытталған саясаты құрғақшылық пен желсіз кезеңдерде электр жүйесінің осалдығын арттырған. Крис Райт қазіргі әкімшілік электрмен жабдықтаудағы үзілістердің алдын алу үшін қолда бар барлық мүмкіндікті пайдаланатынын атап өтті.