СҚО-ға 2 трлн теңге инвестиция тартылады

СҚО-ға 2 трлн теңге инвестиция тартылады

Еліміздің солтүстік өңірін дамытуға бес жыл ішінде 2 трлн теңге инвестиция тартылады.

Оның басым бөлігі – жеке инвестициялар. Бұл туралы Үкімет отырысында белгілі болды. Басқосуда Солтүстік Қазақстан облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары талқыланды. Құжат төрт негізгі бағытты қамтитын болады. Ол – инвестициялық жобалар, тұрғын үй және инфрақұрылым, әлеуметтік сала, қоғамдық құқықтық тәртіпті және азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету. Осы жоба аясында 80-нен астам іс-шараны жүзеге асырылмақ. Кешенді жоспарды іске асыру өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін бір жарым есе ұлғайтуға, жалпы өңірлік өнімнің өсу қарқынын 5,2 процентке дейін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жаңа өсу нүктелері пайда болады, облыстың инфрақұрылымы жақсарады. Мәселен, ауыл шаруашылық саласында 52 сүт-тауар фермасын, 3 бордақылау алаңын, 2 құс фабрикасын, құрама жем зауытын, жылыжай кешенін салу жоспарлануда. Ал өңірде туристік әлеуетті күшейту және спортты дамыту мақсатында Имантау-Шалқар курорттық аймағында көпфункционалды туристік кешен, Петропавл қаласында 3 мың орындық спорт сарайы салынады.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Облысқа жеке инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске асыруға сапалы жұмыс орнын құруға және де өндірістің жаңа құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кешенді жоспар өңдеу өнеркәсібі мен  ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 1,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы өңірлік өнімнің көлемі – 5,2%. Өңір сапалы даму үшін жаңа импульске ие болады.