Импорт ойыншықтар химиялық уымен қатар бала жасына сай келмейтін болып шығады

Шетелден келген ойыншықтардың 40 процентке жуығы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейді. Қарағандылық санитар мамандар осылай дейді. Биылғы жылдың 4 айында сынамаға алынған 75 ойыншықтың 29-ында химиялық талаптар өрескел бұзылған. Баланың жасына сай келмейтін олқылықтар да жетіп артылады.

15 жылға жуық уақыт бүлдіршіндерді тәрбиелеп келе жатқан Алтынай Құдайбергенова ойыншқтардың бала өрісіне қаншалықты әсер етерін жақсы біледі. Сондықтан сертификатталған қуыршақтарды құптайды. 

Алтынай Құдайберенова, тәрбиеші:

- Енді ойыншық мынандай қыры жоқ, баланы еш жарақаттамауы керек. Және ойыншықтардың сертификаты болуы тиіс. Химиялық балаға артық иіс болмауы керек. Сосын балаларға мынандай ойыншықтар бермейміз. Себебі оны жұтып қоюы мүмкін.

Алайда қарапайым ата-ана бұл талаптарға көңіл бөле бермейтіні хақ. Мына зертханада тексерілген ойыншықтардың көбі талапқа мүлде сай келмейді. Тіпті бала денсаулығына кәдімгі қауіп төндіріп тұрғандары да бар. Ең бергісі маркерінде ойыншықтың неден жасалғаны туралы ақпарат болмаса, сорақысы сол,  бояуында да химиялық заттар көп кездеседі.

Жанна Рашитова, Ұлттық сараптама орталығы ҚОФ зертхана меңгерушісі:

- Биыл 2021 жылы бізге зертханаға кукла ЛОЛ деп аталатын қазіргі танымал қуыршақтар келіп түсті. Олардың талаптарға бірнеше түрі бойынша сай келмейтінін анықтадық. Оның ішінде этил спирті, фенол сияқты әртүрлі бала ағзасына қауіпті заттар табылды. 

Жүргізілген мониторинг нәтижесінде белгілі болғандай, ойыншықтардың сәйкестік сертификатынсыз сатыла беретіні алаңдатып отыр. Оны саудалаған бизнес субъектісіне салынатын айыппұл да аз емес. Бірақ пайда одан әлде қайда көп сияқты.

Әйгерім Жылқыбаева, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

 -Талапты бұзудың 90 процент  жағдайы маркировканың дұрыс  болмауы. Не болмаса өнімнің маркировкасы тек қытай не ағылшын тілінде ғана болады. Деседе биыл бірқатар ойыншықтардан санитарлық-химиялық талаптардың сақталмайтынын анықтадық. Сертификаты жоқ тауарларда табылды. Жалпы заңға сай оларға 90-нан 600 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы керек. Бірақ биыл бірде бір субъект жаза арқалаған жоқ. 

Талапқа сай келмейтін ойыншықтар анықталғанымен оларды кәсіпкерлерден алып, көзін жоюға жол жоқ. Оған себеп шағын кәсіпкерлікті тексеруге қарсы жарияланған мораторий. Сондықтан мамандар қауіпті ойыншықтардың қайтадан сауда сөрелерінде тұрмасына кепілдік бере алмайды.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев