Ел өңірлерінде көкөніс қаншадан сатылып жатыр?

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбат азық-түліктер қатарына енудің аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осымен үшінші апта қатарынан картоп пен сәбіз бұрын-соңды болмаған бағада сатылып жатыр. Елдің солтүстігінде картоп аз ғана уақытта сатылып кетіп жатса, оңтүстіктегілер келілеп емес, бір-екі данасын ғана алуға мәжбүр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Қарағандыдағы бағаны қадағалайтын құрам қатарына жергілікті әкімдік пен «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасының мамандарынан өзге экономикалық тергеу департаментінің өкілдері де қосылды. Бірақ баға сонда да бағынбай тұр. Картоп орташа есеппен 320 теңге шамасында болса, сәбіз 600 теңгеге жуық. Тұрақтандыру қорынан келетін былтырғы картоп 70 теңге. Бірақ сапасы тым нашар.

Ирина Мусина, Қарағанды қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Өткен аптада қала сауда орындары мен әлеуметтік орталықтарға бағаны тұрақтандыру мақсатында 25 тоннаға жуық картоп пен 2 тоннаға жуық қырыққабат жеткізілді. Бұдан өзге елдің оңтүстік өңірлерімен бізге тікелей өнім жеткізу мақсатында келісім жүргізіліп жатыр.

Шымкент қаласында сәбіздің келіге шаққандағы бағасын ұстап тұру мүмкін болмай кеткен. Мамандар оның себебін өндірушілердің қойған өзіндік құнымен байланыстырады. Бұдан бөлек, сәбіздің экспорттағы сұранысы күрт өскен. Салдары ішкі нарыққа әсер етіп отыр. Талдау нәтижесі бойынша 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің баға индексі 106,9%-ке жеткен.

Талғат Егембердиев, сатушы:

- Қызылша 500 теңгеден, картоп 200 теңгеден, жуа 100 теңгеден, ал сәбіз қымбат боп тұр. Қырыққабат 80 теңге, қарбыз арзан болды. Сәбізіміз бен қызылшамыз қымбаттау. Өзімізде шығып жатқан сәбізіміз не үшін қымбат екенін айта алмай жатырмыз.

Ал, Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызға ие тауарлар белгіленген шекті бағадан бірнеше есеге өскен. Мамандардың айтуынша, бағаның бұлай құбылуына өнімдердің дені көршілес елдерден әкелінуі себеп болған. Сонымен қатар маусымдық сипатқа ие тауарлар бағасы да шарықтауға бейім екен. Енді өнімді өткізу бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерді монополияға қарсы заңнамада көзделген әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделіп отыр.

Мейрам Қабдығалиев, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының ресми өкілі:

- Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 2 категориясы бойынша баға өсімі байқалып тұр. Бұл картоп пен қырыққабат. Қазіргі таңда осы 2 өнім бойынша бағаны тұрақтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Айта кетсек, картоптың бағасы 148, қырыққабат бағасы 89 теңгеге бекітілетін болады. Монополияға қарсы департамент мен жергілікті мамандармен бірлесіп үлкен кәсіпорындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Петропавл қаласында да көкөніс бағасы қымбат. Соңғы күндері тек картоптың келісі 100 теңгеге арзандаған. Қазір ол 350 теңгеден сатылып жатыр. Қызылша, сәбіз сол қалпы – 600 теңге. Бұл өнімдер тұрақтандыру қорының нүктелерінде мөлшерлеп саудаланады. Оның өзі таңертеңнен қалмай өтіп кететін көрінеді. Өйткені бағасы төмендеу.

Надежда Алексеева, кәсіпкер:

- Қасымызда әлеуметтік нүкте бар. Онда картоптың келісі 260 теңге. Қазір жергілікті өнім жоқ. Сондықтан оңтүстіктен келгенін сатамыз. Бастапқы сатып алу бағасы қымбат. Былтыр арзан болған.

Ақтөбеде сауда сөрелерінде сәбіз тапшы. Жергілікті ірі сауда желілеріне бұл тауар ертеден бері жеткізілмеген. Шарықтап бара жатқан базардың бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті билік оңтүстік өңірдегі өндірушілермен делдалсыз сауда ұйымдастыруға тырысып көріп жатыр.

Айгүл Әбілғазина, супермаркет директоры:

- Біздің дүкенге картоп пен пияз, сәбіз күн сайын жеткізіліп тұрады. Бірақ сәбіз бүгін кешіктіріліп жатыр. Күтіп отырмыз. Бағасын да айта алмаймын. Шамамен 450 теңге шамасында болуы тиіс. Бұған дейін 506 теңгеге дейін қымбаттаған. Қартоп 311 теңге болды. Қазір құны арзандады. Биыл өнімнің әр келісін 250 теңгеден саудалап отырмыз.

«Кей өңірлерде тұрақтандыру қорында жоқ өнімдер әлі де қымбаттай түсуі ықтима», - дейді мамандар. Себебі, биылғы өнім оңтүстік өңірлер мен Өзбекстаннан онсыз да қымбат бағаға келіп жатқан көрінеді. «Картоп бағасы тек күзге қарай, яғни, қыркүйек айларында арзандауы мүмкін», - дейді сала мамандары.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев. Аймақтағы тілшілер көмегімен