425,63 492.05 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Үкімет Екібастұз қаласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті

  • 208
  • UPD: 10:20, 21.09.2021
Үкімет Екібастұз қаласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Павлодар облысының Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.

ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Үкімет басшысы Екібастұз қаласы тек Павлодар облысының ғана емес, сондай-ақ бүкіл елдің ірі индустриялық және энергетикалық орталығы екенін атап өтті. Қала энергетика саласын дамыту үшін елеулі әлеуетке ие.

Кешенді жоспардың 114 іс-шарасын жүзеге асыру облыстың дамуына жаңа серпін береді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 5 есеге артып, 2025 жылы 737 млрд теңгені құрайды.

Инженерлік-коммуникациялық, индустриялық, көлік және тұрғын үй инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамыту және экологиялық проблемаларды шешу жөніндегі жобалар іске асырылатын болады.

Индустриялық аймақ құру, темір жол кластерінің өнімдерін, ферроқорытпаларды, техникалық кремнийді, жартылай коксты, көмір электродтарын, соғылған бұйымдарды өндіретін және жабдықтарды жөндейтін зауыттар салу көзделіп отыр.

Энергетика саласында Екібастұз ГРЭС-2-де №3 энергия блогын салу және ГРЭС-1-де №1 энергия блогын қалпына келтіру жоспарда бар.

Жалпы, Кешенді жоспарды іске асыру қала халқының тұрмыс сапасын, табысы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, алдын ала бағалау бойынша 16,5 мың жаңа жұмыс орны құрылады, халықтың нақты табысы 43%-ке, өнеркәсіп көлемі 22%-ке өседі.

Премьер-министр Павлодар облысының Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі бекітілген кешенді жоспарының іс-шараларын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Хабар 24 телеарнасы