ШҚО-да ірі кәсіпорын отандық нарықты алдыңғы орынға қойған

Өскемендегі өсімдік майын өндіретін ең ірі кәсіпорын өнімін шетелге өткізуден бас тартып, тек отандық нарықты қамтамасыз етіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Яғни елдегі азық-түлік қауіпсіздігін табыстан жоғары қойған. Қазір олар өндіріс қалдығын кәдеге жаратып, тек одан алынатын бағалы шикізатты ғана шетелге шығаруды жоспарлап отыр.

Қазақстан бойынша өсімдік майын ең көп өндіретін «Май» кәсіпорыны қазіргі күні елдегі сұраныстың үштен бірін қамтып отыр. Сондықтан мұнда үнемі отандық нарыққа басымдық беріледі. Зауытта тәулігіне 300 тонна күнбағыс өңделіп, 150 тонна дайын өнім алынады.

Азамат Мадияров, бас инженер:

– Зауытымыздың ерекшелігі, ол осы 48 сағат ішінде шикізаттан дайын өнімге дейін, осы уақыт ішінде цикл бұзылмай, дайын өнім аламыз. Ол біріншіден, органолептикалық қасиеттерді жоғары сапада ұстауға мүмкіндік береді. Ол түсі, дәмі, ешқандай қоспалар болмауына жағымды әсер етеді.

Қазақстанда теңдесі жоқ мына заманауи қондырғы күнбағыс дәнегін автоматты түрде тазалайды. Бұған қоса мұнда май қышқылын алатын өндіріс желісі іске қосылған. Өзге зауыттар өндіріс қалдығын қоқысқа тастаса, бұл кәсіпорын барлығын кәдеге жаратады. Осылайша косметикалық өнеркәсіп үшін таптырмас шикізат дайындалады. Ол әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие екен. Бұл жетістікке компания «Сбербанк» филиалымен арадағы әріптестік аясында қол жеткізген.

Ольга Федоренко, «Сбербанк" АҚ ЕБ филиалының директоры

– 2020 жылы біз мемлекеттің көмегімен көптеген клиенттерімізге қолдау көрсеттік. Яғни несиелендіруді бір күн де тоқтатқан жоқпыз. Өтініш берген барлық компанияны қаржыландырдық.

Нәтижесі көңіл қуантады. Бір ғана май зауытында жаңа желі іске қосылып, жүк көліктерінің автопаркі салынды. Тек жыл басынан бері «Сбербанк» филиалы өңірдегі өміршең жобаларды қаржыландыруға 10 миллиард теңге қаржы бөлген.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Анель Есенбердина, Дмитрий Пыхтин