Ресейге қарсы санкциялардың салдары қандай 

Ресей банктерін SWIFT халықаралық жүйесінен айыру – «экономикалық атом бомбасына тең» деп атады қазақстандық экономист Берлин Иришев. Ол осыдан 30 жыл бұрын отандық банкті дәл осы жүйеге қосу бойынша жүргізілген іске жетекшілік еткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшының айтуынша, бұл шара Ресей экономикасын құрдымға жіберуі мүмкін. Олай болса, тұтынушылар шетелге ақша аудара алмайды. Экспорт пен импорт күрт шектеледі. Қазақстан экономикасы Кремльмен тығыз байланысты болғандықтан, рубль өзімен қоса теңгені де тығырыққа тірейді. Бірақ біздің валюта үшін Үкіметтің қорғау шаралары және әлемдік нарықтағы энергия мен шикізаттың қымбаттауы жағымды болмақ.

Берлин Иришев, экономика ғылымдарының докторы:

– Жалпы алғанда, мұны құрдымға кету деп атауға болады. Еуразиялық экономикалық одақ арқылы рубльге тәуелді теңгенің де бағамы құлдырайды. Бұл экономикалық жағынан тәуелсіз мемлекеттің қаншалықты тәуелді екендігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Санкциялар Мәскеуге қарсы салынды, ал теңге құлдырап жатыр. Яғни бұл әлемде барлық нәрсенің өзара байланысты екендігін көрсетеді. SWIFT –  әлемдік экономиканың қолында тұрған мемлекеттерді тиімді жазалайтын жүйе. Рубль бір-ақ күнде 30 процентке құнсызданды.