Ақтөбеде автогаз бекеттерін делдалдар тығырыққа тіреді

Ақтөбелік автогаз бекеттерін делдалдар тығырыққа тіреді. Отын құю станцияларының иелері БАҚ өкілдерімен кездесіп, шағымдарын жеткізді. Айтуларынша, сұйытылған газ өндіруші зауыт пен таратушылар арасында ешқандай ұйым болмау керек деген заң талабы орындалмай келеді. Салдарынан шағын бекеттер енді газсыз қалуы мүмкін.

Газ нарығындағы жағдаймен жақсы таныс Сағындық Кішкенебав қазір облыстағы ахуалдың күрделене түскенін айтады. Кәсіпкер мәселенің елімізде орын алған қаңтар оқиғасынан кейін пайда болғанын анық түсінген. Сұйытылған отын бағасы 50 теңге болып бекітілгенімен оны өндіруші мен көлікке құю станциялары арасындағы делдалдарды жоюға бағытталған шаралары көңіл қуантпай тұр дейді. Нәтижесінде көптеген автогаз бекеттері бар ірі компаниялар ғана табысқа кенеліп, шағындары әрең күнелтуде.

Сағындық Кішкенебаев, кәсіпкер:

- Олардың енді әрқайсысында 15-20-дан заправкалары бар. Енді олар келеді де бізден жоқ дегенде 5 теңге, 4 теңге, 3 теңге төмен түсіріп қояды. Төмен түсіріп қойғаннан кейін олардың газы өтеді. Ал біз олар арқылы алғаннан кейін олардан қымбат газ аламыз. Мен мінеки январьдан бастап әлі газ алған жоқпын. 

Кәсіпкерлер бұл мәселенің әлі күнге дейін шешілмей келе жатқанына таңқалады. Себебі ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын бөлу туралы ережеге әлдеқашан өзгеріс енгізіліп, отын құю станцияларына делдалдардың көмегіне жүгінбей-ақ зауыттан тікелей барып алуына мүмкіндік берілген. Алайда қабылданған қағида іс жүзінде қолданылмай тұр. Бекеттері бар кәсіпкерлер бұрыңғысынша сұйытылған газ өндіруші кәсіпорын мен станция арасындағы ұйымдардан алып келеді. Айтуларынша, мәселені шешіп, жағдайдың тұрақталуына жауапты орган тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасы шағымданушылардың мүддесін ескермепті. Тіпті темір жол арқылы тасымалданатын газды таратушы делдалдардың қызметіне тәуелді қылған. 

Ақылбек Нұрғалиев, кәсіпкер:

- Бізге бөлінген 11 мың тонна газдың 70 проценті автокөлікпен тікелей алатын қылып береді де 30 процентін теміржол көлігімен жібереді. Теміржол көлігімен жібергенде оны газ тарату ұйымдарының арнайы ыдыстары бар, соған құйып алу керек. Енді біз айтамыз басқармаға: ана 70 процент автокөлікпен тарататынды соны беріңізші, қалған 30 процентті өзіміз сол газ тарату ұйымдарынан келісіп, оны да сатып аламыз. Соған мүмкіндік бермей отыр. Сылтау сен анаумен тікелей шарт жасасуың керек дейді жаңағы газ тарату ұйымдарымен. Ол делдал ортадағы. Олар өздерінің үстеме ақшасын қосады.

Кәсіпкерлер шағымдарын барлық органдарға жолдаған. Бірақ тұшымды жауап алмапты. 

Нұртай Сертаев, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Оны біз емес шешетін жергілікті атқарушы орган емес. Оны министерство шешу керек. Ережеге өзгерістер енгізу қажет. Енгізілгеннен кейін бізге жергілікті атқарушы органға түсіреді. Сосын өзіміз әзірлейтін боламыз. 

Сұйытылған газға қатысты жағдайдың осы айда да қалай болары әзірге белгісіз. Анығы өңірге 11 мың тонна көлемінде автогаз бөлінген. Бірақ оның ірі компаниялардан ауысып, шағын бекеттерге молырақ берілетініне көпшіліктің күмәны бар.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков