Ішкі нарықтың азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі бақылауда – ҚР АШМ

Ішкі нарықтың азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуі бақылауда – ҚР АШМ

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықтың азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуіне жүйелі негізде мониторинг жүргізетінін хабарлайды.

Бұған дейін хабарланғандай, азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ республиканың ауыл шаруашылығы құрылымдарының үздіксіз жұмысы мәселесі тұрақты бақылауда.

Жедел деректер бойынша республика бойынша барлығы 1,5 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры бар. Оның ішінде ұн – 145,1 мың тонна, қант – 47,6 мың тонна, күріш – 40,2 мың тонна, макарон – 21,3 мың тонна және 1 млн тонна көкөніс өнімдері және т. б.

Азық-түлік өнімдерін өндіру тоқтатылмайды, қорлар жүйелі негізде толықтырылады. Жарма, ұн, консервілер және басқа да тауарлар өндірісі үшін жеткілікті шикізат, сондай-ақ ет және сүт өнімдерін өндіру үшін жеткілікті мал басы бар.

Көптеген жылдар бойы Қазақстан астық пен ұнды әлемдік нарыққа шығару және жеткізу бойынша жетекші орынға ие болып келеді.

ҚР Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сәйкес, 2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша республика бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың қоры 10 млн тоннаны құрайды. 

Республика бойынша барлығы 8,1 млн тонна бидай бар (оның ішінде 6,7 млн тонна азық-түлік және 0,3 млн тонна жемшөп), 1,2 млн тонна арпа, дәндік жүгері - 157 мың тонна, қара бидай - 26 мың тонна.

Осылайша, республика ішкі нарықтың астыққа қажеттілігін өз өндірісі есебінен толық көлемде қамтамасыз етуге қабілетті.

Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 2022 жылғы 4 наурыздағы жағдай бойынша 47,6 мың тонна қант бар (тұрақтандыру қорларында – 3,7 мың тонна, сауда объектілерінде – 26,7 мың тонна, кәсіпорындарда – 11,2 мың тонна, қоймаларда 5,8 мың тонна).

Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы № 140 шешімімен Қазақстан Республикасына 2022 жылдың 31 тамызына дейінгі мерзімге тарифтік жеңілдіктерді қолдану арқылы 250 мың тонна көлемінде ақ қант пен қант шикізатын әкелу құқығы берілді.

Қазіргі уақытта ЕЭК Кеңесінің шешімін іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен ақ қант пен құрақ шикізаты қантын әкелуге квоталарды бөлу қағидалары мен тәртібі бекітілді.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында импортты алмастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Неғұрлым импортталатын позициялар айқындалды, олардың әрқайсысы бойынша нақты инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Межеленген мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде жеңілдікпен кредиттеу, субсидиялау, жер ресурстары, инфрақұрылым, сондай-ақ ішкі нарықты қорғау жөніндегі шаралармен қамтамасыз ету бойынша жүзеге асырылады.