Президент тапсырмасы: сұйытылған газдың алты жеткізушісіне қатысты тергеу аяқталды

Президент тапсырмасы: сұйытылған газдың алты жеткізушісіне қатысты тергеу аяқталды
РИА Новости

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 5 қаңтардағы елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмасының қалай орындалғанын жазды.

«Бас прокуратураға Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағалық сөз байласу мен өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуді тапсырамын».

ОРЫНДАЛДЫ:

Сұйытылған мұнай газын жеткізуші алты ірі көтерме сауда компаниясына қатысты тергеп-тексеру жұмыстары аяқталды;

Сұйытылған мұнай газын сатушылар үстемдік жағдайын пайдалана отырып, ең жоғары бағаны белгілеуді көздегені анықталды;

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-не әкімшілік айыппұл салу туралы сот шешімі шығарылды (шешім күшіне енген жоқ);

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «СП Қазгермұнай» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғалды және сотқа берілді;

«Petrosun» ЖШС мен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-не қатысты қылмыстық іс қозғалып, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға қатысты іс материалдары Қаржылық мониторинг агенттігіне берілді;

«Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС іс-әрекеттерінде сұйытылған мұнай газын сату кезінде негізсіз қысқарту фактілері анықталды;

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізетін 193 субъектіге қатысты, оның 89-на Бас прокуратурамен бірлесіп тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр;

Нарықтағы 65 субъектінің ісінде келісілген әрекеттер және картельдік сөз байласу фактілері анықталды;

Нарықтағы 45 субъектіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жіберілді. Салынған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы – 92 миллион теңге.