Жаңа облыстар туристік трендке айналады

Былтыр отандық туристік аймақтардағы қонақ үйлер мен мейманханалар 109 млрд теңгеге қызмет көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Демалушылардың басым бөлігі Алматы тау кластері, Түркістан облысы, Бурабай-Щучье курортты аймақтарын таңдаған.

Ішкі туризм биыл да табысты болары анық. Өйткені сарапшылар саяхатшылар басым аймақтар ретінде жаңадан құрылған облыстарды таңдайды деп сенеді. 

Рухани Асқар, тілші:

- Өткен жылы қазақстандықтар ішкі туризм бойынша рекорд орнатты. Яғни, ел ішінде 6 млн 900 мың адам саяхаттады. Ұлттық парк, қорық және өзге де ерекше қорғалатын табиғи аймақтарға пандемияға дейінгі кезеңде де осынша адам бармаған. Ал биыл бұл көрсеткіш ұлғаяды деген сенім бар.

Қазақстанда басымдыққа ие 10 туристік бағыт бар, олар: Алматы тау кластері, Түркістан, Маңғыстау облыстары. Бурабай, Алакөл, Балқаш, Баянауыл, Имантау-Шалқар туристік аймақтары. Нұр-Сұлтан қаласы, Байқоңыр ғарыш айлағы туристер үшін приоритеттік тұрғыда белгіленген. Онымен қоса, елімізде 19 курорттық аймақ бар. Туристер орналасатын 3686 қонақ үй, оның ішінде 193 мыңға жуық төсек орын қамтылған. Биыл тағы 10-нан аса қонақжай салынады. Әсіресе, жаңадан құрылған үш облыстың туристік тартымдылығын арттыру қажет дейді «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының өкілдері.

Ернұр Кенжебеков, Kazakh Tourism ҰК баспасөз хатшысы:

- Жаңадан облыстар пайда болып жатыр. Сол облыстар осы жылы негізгі трендке айналмақ. Абай облысында, Ұлытау облысында, жаңадан пайда болған Жетісу облыстарында туристік нысандар, тарихи тұрғыда баруға болатын жерлер өте көп. Сол жерлер негізінен осы жылдың туристік трендіне айналмақ. 1 қаңтардан бастап мемлекет тарапынан қолдау шаралары заң күшіне енген болатын. Оның бірі – балалар тегін ұшатын бағдарлама.

Яғни, 2 мен 18 жас аралығындағы балалар ел ішінде ұшақпен тегін саяхаттайды. Оған 350 млн тг бөлінді. Бұл сома шамамен 20 мың баланың ақысыз қатынауына жетеді. Сұраныс артса, қосымша қаржы қарастырылмақ. Қаржы демекші, биыл ішкі туризмді дамытуға 430 млрд тг инвестиция тартылады. Орналастыру орындарын дамытуға 210 млрд тг бөлінеді. Жаңа туристік нысан құрылысының 10 процентін мемлекет субсидиялайды. Алайда бұл да аздық етуде дейді ведомство өкілдері. Өйткені отандық туризмнің шешілуі тиіс мәселесі баршылық.

Сағынбай Күлшәріпов, ҚР МСМ туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы:

- Өткен жұмада «Атамекен» ҰКП, «Қазақстан темір жолы» ҰК және туристік қоғамдастықтармен жазғы дайындыққа байланысты кеңес өткізілді. Проблемалар айтылды. Вагондардың жетіспейтіні, жолдардың сапасы. Пойыздардың кестесі дұрыс келмейтіні, Мысалы, қонақүйден 12-де шықса, ал туристер 10-11 де түнде. Сол барлық мәселелерді қарастырып, шешуге келісіп жоспарладық.

Ел ішіндегі туристік бағыттардың ең қымбаты – Маңғыстау аймағы. Ол жаққа турдың бағасы адам басына 90 мың теңгеден басталады. Ақтау курортында шағын отбасымен демалу әуе билетінің құнын қоспағанда 400 мыңнан басталады. Жанұялық демалыс үшін Бурабай, Алматы, Шымкент бағыттарына сұраныс артық. Жеке-дара немесе топтық экскурсиялар үшін көпшілік тарихи орындарды таңдайды дейді туристік компания өкілдері.

Ляйля Кабдулбариева, туристік компания менеджері:

- Бұл тағам өнімдері және транспорт бағаларының қымбаттауына байланысты тур бағалары да көтерілді. Мысалы, Бурабай, Алакөл бағыттарына былтыр бір күн түнеп шығу 7-8 мың теңгені құрайтын болса, ал осы жылы ол 12-15 мыңды құрайды. Үш рет тамақтану және де қонақүйде тұру, экскурсия, Ақтау қаласын толық аралаймыз. Соның бәрі сол сомаға кіреді. Бурабай, Зеренді және Алматыны көбіне таңдайды. Егер кішкентай балалармен баратын болса сұраныстар көп болады.

Елордалық Жанар Ербол Қазақстанның әр түпкірінің тұмса табиғатын тамашалағысы келеді. Әзірге орталық және батыс өңірлердің демалыс орындары оған таныс.

Жанар Ербол, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Мен былтыр Алакөлде болғам, ол жердің табиғаты өте күшті. Бірақ қызмет көрсету сапасы мен қоғамдық дәретханалардың жоқтығы және де халықтың ластауы кәдімгідей зиян келтіреді. Осы жылы мен Маңғыстау облысын көргім келеді. Ол жақта Бозжыра сияқты өте әдемі жерлер көп. Шетелден көп туристер келеді. Біздің еліміздегі кей әдемі жерлер әлем бойынша өте сирек кездеседі.

Сөз басында айтқанымыздай, биылғы туристік тренд аймақтар жаңа облыстар болмақ. Қапшағай су қоймасы одан әрі дамып, Абай туған елдегі Жидебай-Бөрілі мемлекеттік қорық-музейі, Ұлытау жеріндегі қасиетті орындар туристердің көзайымына айналса игі.

Жаз уақыты жақындаған сайын қала тіршілігінен шаршаған жұрт бір мезет табиғат аясына шығып, саф ауамен тыныстауды аңсайтыны рас. Елордамыздың кейбір тұрғындары жазғы демалысын қайда өткізетінін қазірден жоспарлап қойыпты, көрейік.

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫ ҚАЙДА ӨТКІЗЕСІЗ?

БЛИЦ:

- Биылғы жазда мен Бурабай немесе Балқашқа барамын.

- Көлсайға барып келейін дегем, көп болды бармағалы, қалай өзгергенін көрейік дегенбіз.

- Сарыағашты мақтайды ғой бәрі де, ондағы санаторийге барып келгендер жаман айтпайды, емі де жақсы, қызмет көрсету жақсы деп айтады.

- Мүмкін Бурабай шығар, Алматы, Көлсай, Шарын.

- Биыл әлі жоспарлаған жоқпыз.Көреміз енді, Балқашқа мүмкін барамыз, Алакөлге.

- Биылғы жазда Алматыға, Таразға, жоспар бойынша сол екеуін қарастырып отырмын.