Елімізде салықтық түсімдер 1,5 есе артқан

Елімізде салықтық түсімдер 1,5 есе артқан

Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 6 293,1 млрд теңге салықтық түсімдер түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 145,3 млрд теңгеге көп.

Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім болды. «Республикалық бюджетке түсімдердің ең көп сомасы корпоративті табыстан түсті – 624,1 млрд теңге. Ішкі өндіріс тауарларына қосылған құн салығы – 494,4 млрд теңгеге, мұнайға салынатын экспорттық кеден баждары – 356,5 млрд теңгеге, үшінші елдерден импортқа қосылған құн салығы – 112,8 млрд теңгеге, пайдалы қазбалардың өндірісіне салынатын салығы – 70,5 млрд теңгеге және ЕАЭО елдерінен импортқа қосылған құн салығы 66,6 млрд теңгеге өскені байқалады», – делінген ведомстводан. Комитеттің мәліметінше, түсімдердің өсуіне мұнайдың 65,1%, алюминийдің 44,0%, мырыштың 37,9%, қорғасынның 12,6%, мыстың 10,1% және алтын бағасының 4,4%-ке өсуі себеп болып отыр. Шикі мұнайға салынатын кедендік әкету бажының мөлшерлемесі де 56,4%-ке өсті.