Жезқазған қашанғы мысқа қарап отырады?

Экономикасы "Қазақмысқа" тәуелді қаланың келешегі не болады? Жаңа әкім "өңір экономикасын әртараптандырамыз" деп отыр. Нақты қандай жоба жүзеге аспақ?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Қойнауы қазынаға толы Жезқазған 1954 жылы қала мәртебесін алып, 1973 жылы облыс орталығы атанды. Содан шаруасы шалқып, тасы өрге домалады. Ал 1997-де Жезқазған облысы Қарағандыға қосылды. Жезқазған мен Қарағанды арасы 520 шақырым. Шалғайда жатқан өңірдің 25 жылда шаруасы мандымай қойды. Өңі қашып, сұрқы кетті.

- Бұл жер как ауыл, деревня сияқты болып қалған еді, қала облыстан айырылғалы бері.

- Бір өзгерістер керек қой қалаға. Жаңағындай жаңа СВА-лар деген сияқты. Мектеп. Қала өссе, адамның саны өссе деген ниетіміз ғой. Адам азайып кетті ме? Иә, адам азайып кетті. Врачтардың бәрі кетіп қалды ғой.

- Қалада асфальтымыз жақсы болса екен дейміз жүріп тұруға. Су деген уақытымен келсе екен. Суымыз еще таза емес. Сап-сары су. 

-  Ұлытау, Ұлытау деп айта бермей, сол Ұлытау мен Арқалықты қосу керек. Сонда осы жақтың бәрі жақсарады ғой.

Сөзінің жаны бар. Бүгінде жеріміздің қақ ортасында орналасқан Ұлытау өңірінде Қарағанды тас жолы ғана мінсіз. Ал Жезқазғаннан Арқалыққа жету азап. Қызылордаға қатынау қиямет.

Жезқазған мен Қызылорда арасында қатынайтын жұрт жолға кәлимасын айтып шығады. Бұл екі ортаның жолына Азия Даму Банкі қаржы бөлген. Қызылорда жақ жол салуды бастапты. Жезқазған тарапы әлі қимылдай алмай отыр. Құрылыс тоқтап тұр. Материалдар қымбаттап кеткен. Енді бағаны қайта есептеу керек. Әкім сол есепті күтпей-ақ, құрылысты жандандырамыз деп отыр. Бірер жылда Ұлытаудан Арқалыққа дейін де асфальт төселмек. Бұл өңір экономикасының тасын өрге домалатуға сеп болады. Себебі Жезқазған Арқалықтан құрылыс материалын алса, Торғай өңірі Ұлытаудан мыс тасиды. Сосын оңтүстіктің жеміс-жидегі тақтайдай төте жолмен солтүстікке арзан бағада барады. «Дамудың өзегі – жол» деген осы. Әкім «жолды бір жақты қылсақ, экономиканы әртараптандыруға басымдық беретінін» айтты. Өйткені Жезқазған мен Сәтпаев қазір «Қазақмысқа» байлаулы. Компанияның қаражатына қарап отыр.

Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:

- Индустриялық зоналар болады. Сәтпаев қаласында, Жәйрем, Қаражал өңірінде сондайды жоспарлап отырмыз. Өйткені ол жерде өндірісті, сол жерде металлургия басқа да өнімдерді өңдеуге жаңа мекемелер ашуға сондай жеңілдіктер жасау. Әртараптандыруға сол да өз септігін тигізеді. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтың бізге маңызы мына ауылшаруашылық өнімдерін шығару. Бізге ет, сүт, басқа да ауылшаруашылық өнімдерін осы жерде ет фабрикасы, сүт зауыты керек. Осындай-осындай жұмыстар жүргіземіз.

Экономикасы «Қазақмыстан» аса алмаған. Экологиясы нашарлаған. Айтып, айтпай не керек, Жезқазғанның бүгінгі кейпі осы. Өңірде онкологиялық ауру өршіп, бала өлімі көбейген. Жол тозған, ішер су лас, кәріздік жүйелер ескі. Мектеп, аурухана, жаңа үйлер керек. Өңірдің еңсесін тіктеу Мемлекет басшысының тапсырмасы. Сол себепті Ұлытау өз алдына облыс, Жезқазған облыстың орталығы болды. Билік аймақты беске біледі, іскер деп орталықтан Берік Әбдіғалиұлын жіберді. Халық сеніп отыр, жақсылық боларына, Жезқазғанға бұрынғы бақ қонарына.

- Қаламыз өседі деп ойлаймын енді облыс орталығы болғандықтан.

- Надеемся на хорошее. Что финансы будут. Что город будет расцветать и область наша тоже.

- Жаңа биік үйлер көбейеді деп ойлаймын.

- Атынан ат үрікті деп айтуға болады. Міне сол заман қайтып келеді дегенге біз кәміл сенеміз.

Қорған Қонысбайлы, Марат Диханбаев