«Samruk-Kazyna Trust» жеті млрд теңгеге 32 жобаны іске асырды

Былтыр «Самұрық-Қазына Trust» қоры 32 әлеуметтік жобаны іске асыруға 7 млрд теңге жұмсады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді биылғы қаражат көлемі 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Оның ішінде 4 млрд 180 млн теңгенің 14 жобасы мақұлданды. Бұл туралы қордың бас директоры Альфия Адиева айтты. Бүгін ол акционерлік қоғамның Қоғамдық кеңесі алдында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Мақұлданған бағдарламалар арасында аутистік және ментальді бұзылыстары бар балаларға арналған 8 орталық құру, дамуы тежелген бүлдіршіндерге ерте диагностикалық көмек көрсететін 13 орталық ашу, сондай-ақ Атырауда ерекше балаларға тегін көмек көрсету бағыттары бар.

Альфия Адиева, «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры:

– Толыққанды «Самұрық-Қазынаға» жауап бере алмаймын, тек Trust-ке. Қорымыз барлық саланы қамти алатын әлеуметтік жобаларға қаражат жұмсайды. Білім, денсаулық, әлеуметтік мәселелер және спорт. Бірақ 2022 жыл Балалар жылы болғандықтан біздер барлық жобаны балаларға бағыттаймыз. Бұрын 3 бағытта 21 іс-шара болатын болса, форум, конференция, мерекелік шараларды қаржыландырудан бас тарттық, алып тастадық.