Ірі компаниялармен бірлескен жобалар жасалады – Үкімет

Премьер-министр Әлихан Смайылов Ресейдің Екатеринбург қаласына жұмыс сапарымен барып, жергілікті ірі компаниялардың басшыларымен жүздесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«КАМАЗ» ЖАҚ бас директоры Сергей Когогинмен кездесу барысында жаңа жобаларды іске асыру, жабдықтарды жеткізу және коммерциялық техникаға қызмет көрсету орталықтарын іске қосу жайы талқыланды. Ресей мыс компаниясының президенті Всеволод Левинмен болған кездесуде тау-кен металлургия саласында «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп, жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелері сөз болды. Мәселен, Ақтөбе мыс компаниясы 2024 жылға дейін шамамен 190 млрд теңгеге жерасты кеніштерін салу бойынша 4 жобаны қолға алуды жоспарлап отыр. Үкімет басшысы Қазақстанның тек шикізат өндіруге ғана емес, оны одан әрі қайта өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге де мүдделі екенін атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– Бүгінде Қостанай индустриялық аймағының алаңында шойын қорыту зауытының және жүк көліктерінің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Бұл экология саласындағы үздік тәжірибелер мен стандарттарды ескере отырып жасалған жоғары технологиялық заманауи өндіріс болмақ. Үкімет жер қойнауын пайдаланушы ірі кәсіпорындардың айналасында өңдеу өнеркәсібінде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. «Российская медная компания» бұл бастаманы қолдап, осы бағытта белсенді түрде жұмыс істейді деп сенемін.