Құс етіне сұраныс артты

Құс етіне сұраныс артты

Құс өсірушілерге 600 мың тонна жем қажет. Шаруалар қорды толтыру үшін Үкіметке иек артып отыр. Яғни қажетті астықты арзан бағада сатуды сұрайды.

Бұйымтай орындалса, елде өндірілетін құс еті 700 мың тоннаға жеткізіледі. Мұның маңызы зор. Себебі халық арасында ақ етке сұраныс артқан. Әзірге еттің арзаны осы. Оның өзі 1 жылда 30 процентке қымбаттаған. Құсты тұтыну көрсеткіші 18 процентке артыпты. Қазір Ресейдің арзан бидайы қайта тасымалдана бастауына байланысты отандық астық құны біршама төмендеді. Бір айда 100 долларға арзандаған.

Естеріңізде болса, наурыздан бері ЕАЭО елдеріне ресейлік астықты жеткізуге тыйым салынып, ізінше үшінші класты бидайдың тоннасы 180 мың теңгеге көтерілген еді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде 2,7 млн тонна бидай қоры бар. Құс өсірушілер игіліктен күдер үзбейді. Қазір де қол қусырып отырған жоқ. Жыл басынан бері олар 1,6 млрд жұмыртқа өндірді. Бұл былтырғыдан 12%-ке көп. Бүгінде қазақстандықтар түгелдей отандық құс өнімімен қамтылған. Импорт 43 процентке төмендеді. Ендігі мақсат экспортты реттеу. Әзірге қазақстандық құс өнімдерін қырғыздар мен тәжіктер ғана алады. Алайда шаруалардың көздеп отырғаны Қытай мен Ресей сынды алып нарықтар.  

Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілер қауымдастығының президенті:

- Қазір елімізге Ресей жұмыртқасы кірмейді. Біз де оларға өз өнімімізді сата алмай отырмыз. Себебі көрші елдерде азық-түлік қауіпсіздігіне көңіл бөліне бастады. Эмбарго жарияланғалы Ресей ішкі өндірісті ұлғайтты. Біз жылдық жоспарымызды асыра орындадық. Құс өнімі әзірге Қырғызстан мен Тәжікстанға экспортталады. Ауғанстан, Иран, Қытайға шыққымыз келеді. Мысалы, Өзбекстанда салаға қолдау күшейтілді. Олар құс өнімін 600 мың тоннаға жеткізбекші. Бізге де сондай қолдау болса, әлеуетімізді одан сайын шыңдап алар едік.

Жұмыртқа бағасын реттеу тиімді ме?

Ал еліміздің жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы С1 санатындағы жұмыртқа құнын мемлекеттік реттеуден бас тартуды сұрайды. Есесіне С2 санатындағы өнім бағасын бір жылға дейін бекітуге дайын. Себебі екіншісі алғашқысына қарағанда жеңіл, бірақ арзанырақ, ал сапасы, құрамы және пайдалы қасиеттері бірдей екен. Максим Божконың сөзінше, елдегі өндірістің 50 процентін С1 санатындағы жұмыртқа құрайды. Ал мемлекеттік реттеу бизнестің жартысын қамтиды. Демек, фабрика шығындарының артуы қызығушылықты азайтып, өндірістің едәуір қысқаруына алып келеді дейді мамандар.