Күзде инфляция тежеледі – Мақсат Халық

Жыл басында 9,75 пайыз болған базалық ставка енді 14,5 процентке жетті.

Сарапшылардың айтуынша, Ұлттық банктің мұндай шешімі депозитте ақшалары бар азаматтар үшін тиімді. Өйткені оған қосылатын үстемеқы да артады. Ал жаңадан кредит алатындар үшін несие қымбатқа түседі. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, базалық ставканы инфляциядан төмен ұстаса тәуекел жоғары болады. Кейін инфляция жылдам артып, түркиялық сценарий болуы мүмкін дейді. Мұндай салдар болмас үшін базалық ставка не теңесу керек, немесе жоғары болуы шарт. Сонда бірқатар сұраныс шектеліп, белгілі бір дәрежеде тауарлардың бағасы түсе бастауы керек.

Мақсат Халық, экономист:

- Ипотекалық кредиттердің пайызы өсіп кететін болса, онда үйді ипотекаға алатын адамдардың саны азаяды. Бұл тұрғыда керісінше сұраныс азаюының нәтижесінде үйдің бағасы қатты өспейді. Керісінше ол тоқтап қалуы мүмкін өсім процесі. Күзде, қыркүйекте, бізде инфляция кішкене тежеледі. Инфляцияның кішкене болса да тұсауланатын уақыты. Ол кезде базалық пайыздың мөлшерлемесін өсірудің негізі жоқ. Керісінше мүмкін болса төмендеткен дұрыс.