Өзбекстанда қазақстандық экспорт көлемі артты

Өзбекстан қазақстандық тауар импортын арттырып келеді. Қаңтар-тамыз аралығында екі елдің өзара сауда айналымы 2,9 миллиард долларға жетті. Оның 2 миллиарды Қазақстанда жасалған өнімнің үлесінде, деп хабарлайды «Хабар 24».

«KazakhExport» ұлттық компаниясы күнгейдегі көршімізде отандық тауар жоғары сұранысқа ие екенін айтады. Мұның себебін Қазақстан күнгейдегі көршімізге трансформатор, автомобиль, тоқыма бұйымдары және азық-түлік экспорттайды. «Бәйтерек» холдингіне қарасты «KazakhExport» компаниясы осы істі жүйелі жолға қойған. 2019 жылдан бері кәсіпкерлерге 255 миллиард теңгенің қолдауын көрсетті.

Аслан Қалиғазин «KazakhExport» ЭСК» АҚ басқарма төрағасы:

– Биылғы 9 айда Өзбекстанға тауар экспорттайтын қазақстандық өндірушілерді қолдау көлемі 65 миллиард теңгеге жетті. Жыл соңына дейін қысқамерзімді дебиторлық қарызды сақтандыру, экспортты несиелендіру сынды бағыттарға тағы 20 млрд теңге бөлінеді.

Компания серіктестірінің бірі – Өзбекстандағы «Капитал Банк» мекемесі. Қазақстандық тауарды қаржыландыру бағытында жұмыс істейді. Экспорттық өнім қабылдап алушыға жеткен бойда банк тарапынан төлем жасалады. Ал екінші тарап қарызды қаржы ұйымына кейін қайтаруға мүмкіндік алады.

Шахзодбек Усманов «Капитал Банк» тауарды қаржыландыру басқармасының басшысы:

– «KazakhExport» сақтандыру компаниясымен 16 жобаны жүзеге асырдық. Көбі ауыл шаруашылғы саласында. Екіжақты әріптестік жарғылық капиталымызға еш ауыртпалық түсірмейді. Клиенттерімізге бұл тиімді қаржылық мөлшерлеме және сенімді қазақстандық жеткізушілермен жұмыс істеу мүмкіндігін береді.

Жаркенттегі жүгері крахмалы және сірне зауыты «KazakhExport» арқылы Өзбекстанға тауар жеткізу көлемін екі есе арттырды. Көрші елде кәсіпорын өнімдері кең сұранысқа ие.

Махмұд Юлдашев «RIGHT TO WIN» ЖШС басшысы:

– Бұл әріптестік қазақстандық тауарды еш тәуекелсіз сенімді көздерден жеткізуге сеп. 7 миллион доллар көлемінде қаржылай қолдауға ие болдық. «KazakhExport біз үшін банктік несиелендіруге қарағанда тиімді шарт ұсынады.

Өзбекстанға ет, сүт, май және кондитерлік өнімдеріміз де экспортталады. Құрылыс заттары, арматура, жылытқыш жабдықтар кейінгі кезде көп қолданыла бастады.

Рауан Мыңбаев