Жетісу облысында кәсіпкер бие сүтінен сабын өндіріп отыр

Биенің сүті сұлулық үшін ғана емес, аурудан да сауықтырған.

Ертеректе осы биенің сүтіне шомылған деген әңгімелер көп. Енді біз бен сіз де сол уақтағыдай ағарғанға шомылмасақ та оның пайдасын көре алады екенбіз.

Жетісу облысындағы Қапал ауылының тұрғыны сабын жасай бастады. Бұл түрлі қоспа, болмаса алаботаны қайнатып құя салған сабын емес. Бие сүтінен жасалады. Одан бөлек қияр, бал, сүт, қатық қосады. 

Мынау енді қара сабын. Ата-бабамыздан, тарихтан келе жатқан сабын. Бұл микроб өлтіреді. Дәрілер болмаған кезде осымен сақайған. 

Нұржанет Ердәулетқызы алғашқыда алаботадан қара сабын қайнатқан. Тауарға сұраныс барын байқаған соң ісін ілгерлету үшін Қытайдан шикізат алдыртыпты. Оған саумал, қатық пен сүт қосып, иіс сабын жасады. Қазір қияр мен балдан өнім шығарып отыр. 

Нұржанет Ердәулетқызы, Қапал ауылының тұрғыны:

- Мынау өзіміздің саумалдан шыққан сабындар. Нәрестелерді шомылдырса бөрткендер болмайды, аллергия болмайды. Жасыл өнім. Мына бал да жасыл өнім. Өзіміздің Текелінің балы. Бұлда беттің бөрткенінен қара дақтардан пайдалы, жаңа түскен әжімдер болса кетіреді. Беттің терісін жиырады. Мысалы кішігірім косметика ғой.

Атажұртқа 2019 жылы келген қандасымыздың бұл салаға бет бұруына жазатайым жағдай себеп болған. Отағасы аттан құлап жұмыссыз қалған соң аядай бөлмесін өндіріс орнына айналдырды. Басқа түскен қиындықты еңбекпен еңсерген отбасы аз уақытта  тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерді.

Сарагүл Нүсіпбай, Қапал ауылының тұрғыны:

- Бұрын ата-бабамыздың шығарған сабынын шығарып жандандырып жатыр. Өзіміз алып тұтынып жатырмыз. Немерелерімізді шомылдырып, өзімізде қол басымызды жуып жатырмыз. Оригинал ешқандай зияны жоқ.

Нұржанет Ердәулетқызы сабын жасаумен қатар ұлттық өнерді ұлықтаған ісмер. Ол тоқыма тоқып,  аяқ киімнің бірнеше түрін тігеді. Тапсырысқа қарай оны оюмен өрнектеп береді. Болашақта осы саланы да дамытпақ. 

Нұржанет Ердәулетқызы, Қапал ауылының тұрғыны:

- Келешекте мына үлкен өндіріс орнын құрсам ба деген жоспарым бар. Аз дегенде ауылда отырған он әйелді жұмысқа орналастырсам ба деген жоспарым бар. Бір цех қылмай екі цех қылып кір сабын қосып өндірсем бе деген жоспарым бар. Талдықорған көлемінде сабынмен қамтамассыз етсем бе деген жоспарым бар.

Кәсібін енді бастаған ауыл тұрғынына жергілікті әкімдік жер бөліп беретінін айтқан. Ол үшін Нұржанет Ердәулетқызы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, шығарған өнімнің сапасын тексертуге жіберді. Тиісті сертификат алған соң қаржылай қолдау көрсететін жобаларға қатысып, өндірісін өркендетпек.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев