«Qazaq Oil» компаниясы Ақтөбе облысында кезекті отын құю станциясын ашты

«Qazaq Oil» компаниясы жанар-жағармай желісі нарығында әріптестік аясын кеңейтіп жатыр.

Ақтөбе облысында франшиза әдісімен кезекті отын құю станциясын ашты. Бұл көліктерге жанармай ұсынумен айналысатын кәсіпкерлермен бірлесе жүзеге асқан 10-жоба. Екі тарапқа да тиімді табыс әкелетін әріптестікті «Qazaq Oil» әрі қарай да жалғастырмақ ниетте.

Бір жыл бұрын Ақтөбе – Орал бағытындағы жол бойынан жер телімін алған Алмат Борантаев, оны қалай табыс көзіне айналдырарын білмей ұзақ ойланған. Бірақ Ақтөбеде көбейе түскен жаңа бренд «Qazaq oil» жанар-жағармай құю стансаларын көрген соң өзі де сондай нысан салуды ұйғарады. Тіпті компаниямен бірлесе жұмыс істеу туралы тілегі барын да айтқан. Нәтижесінде мұнда қызу құрылыс басталып, заманауи үлгідегі отын құю бекеті пайда болды. 

Алмат Борантаев, кәсіпкер:

- Бүкіл Қазақстан бойынша танымал бренд болғаннан кейін "Қазақ ойлдың" басшылығына ұсыныспен шықтық. Ұсынысымызды қабыл алды. Бізге тиімді жағы бұл жерде нефтепродукты жағымен осы "Қазақ ойл" өздері қамтамасыз етеді. Біздерден тек осы объектіні салып беру және ішіндегі жұмысшылар біздің өзіміздің атымыздан болады. Табыстың үлкен бөлігін біздерге яғни, жеке кәсіпкерге келеді.

Бүгінде Ақтөбе облысында «Qazaq Oil»-дың 34 жанармай құю бекеті бар. Ал екеуі франшиза әдісі бойынша жұмыс істеп тұр. Яғни осы нарықтағы жеке кәсіпкерлермен бірлесе қызмет етуде. Бұл ретте компанияның ұсынары мол. Бастысы, станцияның қызмет көрсету сапасы халықаралық стандартқа жетеді. 

Әсел Әлімханова, "Qazaq Oil" компаниясының PR-директоры:

- Біз былтырдан бері әріптестік ынтымақтастықты арттыру үшін  кәсіпкерлерге франшиза әдісін ұсынып келеміз. Оның аясында көлік отыны, азық-түлік, сусын және басқа тауарлар уақытылы жеткізіледі. Сондай-ақ есептеу жүйесін енгіземіз, қызметкерлерді де оқытамыз. Жыл соғына дейін тағы да дәл осындай әріптестік аясында 5 станция ашу жоспарда бар.

Компания келер жылы да ынтымақтастық бағытын әрі қарай жалғастырмақ. Ал бүгінде жаңа үлгідегі 221 отын құю бекеті жұмыс істеп тұр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев