Қаңтар оқиғасында бизнеске келген шығын толық өтелді

Қалың елдің қабырғасын қайыстырған қаңтар оқиғасында 8 өңірдегі әкімшілік және коммерциялық ғимараттардың тас-талқаны шыққан еді.

Шындықтың шыңына ұмтылған мұң-наласы мол халықтың атын жамылып, бұзақылар қалаларда ойран салды. Салдарынан 356 бизнес субьектісі қираған. Қазір олардың бәрі қайта қалпына келтірілді.

Ал әкімшілік ғимараттарды жөндеу әлі де жалғасып жатыр. Бүгін мәжіліс мінберінде қанды қырғандағы бизнеске төнген қауіп және төленген өтемақы жайы да сөз болды.

Қасіретті қаңтар кезінде елдің 8 өңірінде 42 мемлекеттік нысанға зақым келді. Тағы мыңдаған кәсіпкер шығынға белшесінен батып, сын сағаттан шығар жол таппай қалды. Алайда бір жыл ішінде қираған ғимараттардың басым бөлігі қайта қалпына келді. Кәсіпкерлердің де шығыны толық өтелді. Бизнес басындағылар қилы күннен қалған ауыр естелікті қынжыла еске алады. Тығырықтан шығар жол таба алмай шырылдап қалдық дейді. 

Сабира Сетекова, кәсіпкер:

- Біз жаңа мейрамхана желісін ашқан едік. Қаңтар оқиғасына бір жыл өтсе де оны еске алу өте қиын. Біздің елімізде бейберекетсіздік болады деген ойда да болмады. Алайда мейрамханамыз әбден тоналып, қирады. Көкейде «неге» деген сұрақ тұрды. Біз де қарапайым халықпыз, мейрамхананы қиратудың қандай қажеті болды деп ойладық. Кәсіпті қалай сақтап қалатынымызды білмей дал болдық. Тек мемлекеттің көмегімен бүкіл шығын өтелді. Қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Келесі айда қайта ашыламыз. 

Расымен, күштік құрылымнан күш кеткенде, кәсіпкерлік нысандардағы бағалы заттар ұстағанның қолында тістегеннің аузында кетіп еді. Бір жақта ел тағдыры сынға түскенде, кей адамдар қара бастың ғана қамын ойлап, жымысқы әрекетін жүзеге асырды. Арандатушылар да қарап қалмады. Көзіне түскенді қиратып, айналаның астан-кестеңін шығарды.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Елдің 8 өңірінде 42 мемлекеттік ғимаратқа зақым келді. Соның бірі Алматыдағы Президент резиденциясы, өздеріңіз білетіндей, бұл нысанды қалпына келтірмей, бұзу туралы шешім қабылданды. Қалған 41 нысан үшін 31 млрд 100 миллион теңге бөлінді. 37 нысан қалпына келтірілді. Биылғы қаңтар айында Жетісу облысы әкімінің ғимаратын қалпына келтіру аяқталады. Жұмыстар жалғасып жатыр. 1789 кәсіпкерлік субъектісі залалды тікелей өтеуге өтінім берді, барлық шағын және орта бизнес объектілері бойынша 16 миллиард 700 миллион теңге өтелді. 

Одан бөлек аялдама, бағдаршам, бейнебақылау мен қаланың көркін кіргізіп тұрған түрлі нысандар қиындының астында қалды. Арада 1 жыл өтсе де қаңтардың салқыны әлі сезіледі. Қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жауаптылар жақын арада зардап шеккен ғимараттар мен нысандар толық қалпына келеді дейді. 

Бекзат Аманов