Қазақстан биыл Өзбекстанға тауар экспортын 500 миллион долларға арттырады
Одан бөлек, елде өндірілген біраз өнім осы көршіміз арқылы Оңтүстік Азияға жетеді. Одақтас елдер әлемдегі азық-түлік жетіспеушілігі мен инфляцияға да бірлесіп төтеп беруге ниетті. Ол үшін ішкі нарықты дайын өнімдермен дер кезінде қамтып отырмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Қасым-Жомарт Тоқаевтың желтоқсан айында Өзбекстанға жасаған сапары екі ел үшін де тарихи мәнге ие болды. Себебі қазақ пен өзбек сол сәттен бастап одақтас атанды. Мұны тараптар іс жүзінде дәлелдеуге кірісті. Әсіресе сауда саласында сенімді серіктестік орнап жатыр. Арадағы тауар айналымы былтыр 5 млрд долларға жетсе, одақтастың байланыс арқылы көрсеткіш көп ұзамай екі еселенеді деген болжам бар.
Қазақстан өткен жылы Өзбекстанға 2,5 млн тонна бидай және 375 мың тонна ұн жеткізді. Ішкі сұраныстың басым бөлігі еліміздің астық өнімдерімен өтелді. Оған қоса, картоп, арпа, май, жүгері және ірі қара еті де бар. Жыл қорытындысы бойынша сырттан жеткізілетін азық-түліктің 36,6%-і қазақстандық екені айрықша атап өтілді. Ал өзбек кәсіпкерлері елімізге автомобиль және тоқыма бұйымдарын көптеп жөнелте бастады.
Нұрлан Құлбатыров, ҚР Сауда министрлігі жанындағы компания өкілі:
- Елдеріміз арасындағы сауда-саттық пен қызмет көлемін 10 млрд долларға жеткізу жөніндегі меже бар. Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы сол істі жеделдетуге сеп. Әлемдегі геосаяси жағдай да осыған үндеп отыр. Енді екі ел бірлесіп, дайын өнімдерді шығаруға тиіс.
Екіжақты келісімдер арқылы тұрақты жұмыс орындары ашылады. Биыл Қазақстан осы елге бір ғана азық-түлік экспортын 500 млн долларға көбейте алады. Шикізаттық өнімдерге сұраныс бұрыннан бар. Оның да үлесі артады.
Бейбіт Атамқұлов, Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан мен Өзбекстанда энергетикалық қауіпсіздікке баса мән беру керектігі аңғарылды. Бұл салада тәуекелдер көп. Оны барынша ескеріп, бірлескен іс-әрекеттерге кірісуіміз керек. Қазақстан осы елге 5-6 млн тонна көмір экспорттауға қамданып жатыр. Бұл бір. Екіншіден, Еуропаға жөнелтіліп келген кей экспорттық өнімдер Өзбекстанға ауысады. Еліміздің үкіметі бұл жаққа қосымша 500 млн доллардың тауар тізбегін ұсынды.
Орталық Азия үшін ең өзекті су және электр қуаты тапшылығын да тараптар бірлесіп шешпек. Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстандағы жаңа ГЭС салу ісіне осы мақсатта атсалысуды көздейді. Қуаттылығы 2 гигаватт болатын нысан аймақтағы 3 мемлекетті тіршілік нәрі және жарыққа деген тәуелділіктен арылтады. Жобаның жол картасына энергетика министрлері қол қойды. Одақтастық байланыс осылайша бұл салаға да оң ықпал етпек.
Авторы: Рауан Мыңбаев.