Курчатовта тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер көбейді
Курчатов қаласында өз ісін ашып әрі тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер көбейді.
Бұған мемлекет беретін қайтарымсыз гранттың көп көмегі тиген. Сөйтіп, қалада наубайхана, дәмхана , шаштараз секілді халыққа қажет нысандар ашылып жатыр. Тілшіміз Азамат Қасымды тыңдайық.
Мемлекеттен миллион теңге грант алып, кәсібін кеңейткендердің бірі Айнагүл Казарян. Он адамға жұмыс беріп отырған кәсіпкер қайтарымсыз қаражатқа наубайханаға қажет ротациялық пеш сатып алған. Мұнда қазір нан өнімдерінің 20 түрі шығарылады.
Айнагүл Казарян, қала тұрғыны:
Курчатовтағы барлық дүкендер біздің өнімдерімізді алады. Сұраныс жақсы. Шаһардағы бірнеше балабақша мен ұлттық ядролық орталықты да қамтамасыз етіп отырмыз. Енді қамырды бөліп, дөңгелектейтін құрылғы сатып алғым келеді. Содан кейін лавашқа арналған станок қажет. Мұны қолмен істеу қиын. Сондықтан алдағы уақытта тағы да мемлекеттік грантқа қол жеткізсем деген ой бар.
Ал Курчатовқа он жыл бұрын көшіп келген Зүлфия Зиминова кофехана ашыпты. Себебі шағын шаһар тұрғындарының емін-еркін серуендеп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құратын орыны жоқтың қасы.
Зульфия Зиминова, қала Тұрғыны:
- Осы ойымды жүзеге асыруға мемлекеттік гранттың көп септігі тиді. Берілген қаражатқа кофе дайындайтын құрылғы сатып алдым. Менің жобам «Кофені өзіңмен бірге алып кет. Жаңа піскен тәттілер» деп аталады. Өйткені бұл жерде тәтті-дәмділер де сатылады. Біз кешкі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейміз. Қаланың қақ ортасында орналасқанбыз. Келушілерге қолайлы. Әсіресе жастарға жақсы болды.
Қала басшыларының айтуынша, шаһарда соңғы жылдары өз кәсібін ашушылардың қатары көбейген. Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант саны да артқан.
Нұрбек Қошқарбаев, Курчатов қаласы әкімінің орынбасары:
- Көбінесе жастар. Бұл жақсы үрдіс Қаламызда бір ғана наубайхана болған. Шығарған өнімдері шаһарға жетпейтін. Семей мен Павлодардан жеткізілетін. Қазір екінші наубайхана ашылып, дүкендердің барлығын қамтамасыз етіп отыр.
Мемлекеттен берілген қайтарымсыз қаражатқа шаштараз бен тігін цехы да ашылған. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында былтыр Курчатов қаласының 30 тұрғынына грант берілсе, биыл 35 адам 10 миллион теңгеден астам грант алған.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов