Ел қазынасына кедендік төлем мен салықтан ₸3,5 трлн түсті
Былтыр ел қазынасына кедендік төлемдер мен салықтардан түсім 50%-ке артып, 3,5 трлн теңгеге жетті.
Оның ішінде импортқа қосылған құн салығынан түсімдер екі есеге жуық өскен. Бұл сома – Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында бөлінгеннен кейін мемлекеттік бюджетке құйылған қаражат. Сондай-ақ, комитет жанынан Бас диспетчерлік басқарманың құрылуы кедендік түсімдердің молаюына оң ықпал еткен.
Қазақстанның үшінші елдермен тауар айналымы былтыр 106 млрд АҚШ долларынан асты. Импорт 31,4 млрд долларға жетсе, экспорт көлемі 75 млрд долларға жуықтады. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың барлығына тең шарт қолдану кәсіпкерлеріміздің іскерлік белсенділігінің артуына ықпал етті. Бүгінде кедендік шекарадағы барлық процесс Бас диспетчерлік басқарма арқылы қашықтықтан басқарылып отыр.
Нұрлыбай Сибағатов, ҚР ҚМ МКК бас диспетчерлік басқармасы басшысының орынбасары:
- Мемлекет басшысы кеденде тәртіп орнату жөнінде нақты міндет қойды. Бас диспетчерлік басқарма кедендік бақылаудың барлық ақпараттық жүйелері мен техникалық құралдары қосылған. Бұл бөлімшенің негізгі ерекшелігі сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың барлық өзара іс-қимыл мемекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылады.
Былтыр құрылған Бас диспетчерлік басқарма жұмысының нәтижесінде кедендік бақылау барысындағы кедергілер жойылып, процесс автоматтандырылды. Адами фактор азайып, ашықтық қамтамасыз етілді. Бастысы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайды.
Ануар Шалкеев, кәсіпкер:
- Алдыңғы жылдары біз үшін тексеріс басты мәселе болатын. Жүгіміздің барлығы тексеруден өтетін. Контейнерлеріміз платформадан түсіріліп, уақытша сақтау қоймасына қойылатын. Ал қоймалар жекенің иелігінде болғандықтан, қымбатқа соғатын. Қазір қалада да, шекарада да тексеру азайды.
Ерлан Бердешов импорттаушы компанияның директоры:
- Біз Қытай Халық Республикасының автозаводымен жүк көлігі техникасын импорттаумен айналысамыз. Бұрынғы жалдарға қарағанда қазіргі таңда кедендік рәсімдеу өте ыңғайлы және жеңіл болып қалды. Себебі, кедендік рәсімдеу кезінде ешбір тексерусіз, импортталған тауарлардың 90%-ы жасыл дәлізбен өтуде. Сондықтан бізге өте ыңғайлы болып келеді. Тікелей байланыс өте аз.
Импортпен айналысатын отандық кәсіпкерлер саны соңғы жылда 2 есеге артып, 50 мыңнан асты. Шекара арқылы өтетін көлік қатынасы да едәуір көбейді. Ал олардан түскен төлем 3 еселенді яғни 150 млн теңгеге жетті. Алайда, кедендік бақылау тәртібін айналып өтуге тырысатындар да жоқ емес. Былтыр ереже бұзу фактілері бойынша мемлекет пайдасына 188,7 млрд теңге өндірілді.
Нұрлыбай Сибағатов, ҚР ҚМ МКК бас диспетчерлік басқармасы басшысының орынбасары:
- Мемлекеттік кірістер комитетінде қабылданған ашық курс сыртқы экономикалық қызметке жекелеген қатысушылардың қарсылығына тап болады. Олар белгіленген ережелерді айналып өтуге тырысып қана қоймай, сонымен қатар әртүрлі шағымдар мен анонимдер және тағы да басқа тәртіп орнату бойынша жұмыстың беделін түсіруге тырысады.
Сондай-ақ, Қазақстан-Қытай шекарасындағы кедергілерді жоюға ерекше назар аударылды. Экспорттық декларациялармен онлайн-алмасу жолға қойылды. Мәселен, 2022 жылға дейін еліміз автокөлікпен өтетін тауарлар бойынша ғана мәлімет алса, енді темір жол арқылы өтетін тауарлар бойынша деректер қолжетімді. Бұл бағытқа импорттың 80%-і тиесілі. Былтыр көрші елден кедендік төлемдер мен салықтар 62%-ке артып, түсім 465 млрд теңгеге жетті. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті өндірілген барлық кедендік төлемдердің 98%-і одақ елдері арасында бөлінбей, ел бюджетінде қалатынын атап өтті.