«Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржол бағыты бойынша халықаралық тауар тасымалы артады
Көрсеткішті 10 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Еліміз экономикалық ынтымақтастық ұйымының жұмысын жандандырып, жаңа межеге жетуді жоспарлап отыр. Бұл жайында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ташкентке сапары кезінде мәлімдеді.
Қазақстан халықаралық теміржол тасымалы саласында ауқымды әлеуетке ие. Әлемдік геосаяси ахуал қиындаған шақта экономикалық ынтымақтастық ұйымымен бірлесіп, логистикалық жобаларды көптеп қолға алу - маңызды міндет. Сыртқы ведомство жетекшілері Оңтүстік Азия мен Кавказ, Орталық Азия мен Еуропа арасын жаңа көлік дәліздерімен жалғауға ниетті. Тоғыз жолдың торабы ретінде Қазақстан да қарастырып отыр.
Хусрав Нозири, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы:
- Тараптар көлік байланыстарын, оның ішінде Транскаспий дәлізін дамытуға келісті. Мәселен, Алматы-Ыстамбұл бағытын нығайту бойынша жаңа бастамалар бірауыздан қолдау тапты.
Жалпы ынтымақтастық ұйымына Әзербайжан, Иран, Пәкістан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан мүше. Кейінгісімен бізде халықаралық теміржол желісі бар. Ал Иран, Түркия, Пәкістанмен бір деңгейде ұйым жұмысын қаржыландырып отырмыз. Қазақстан Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс бағытын дамытуды бірер жыл бұрын бастаған. Қазір елімізден Түрікменстан мен Иранға қарай жылына 130 мың тонна жүк жөнетіледі. Инфрақұрылым тағы жаңартылса, көрсеткіш 10 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - сыртқы істер министрі:
- Бұл көрсеткішке жету үшін инфрақұрылымды жақсартып, өткізу қабілеттілігін арттыруымыз керек. Әрі әкімшілік кедергілерді жойып, тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау қажет етіледі. Жаңа бағыттарды дамыту сайып келгенде жол жүру уақытын және шығындарды қысқартады. Біз «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің жол картасының әзірленуін, онымен қоса 2022 жылы Транскаспий халықаралық көлік бағытының жол картасына қол қойылуын құптаймыз.
Ташкентке ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері алғаш рет толық құрамда жиналды. Бұған дейін мұндай кеңес болмаған. Енді экономикалық ынтымақтастық нақты нәтиже беруге тиіс. Соның ішінде ірі логистикалық жобалар қолға алынып, арадағы транзиттік тасымал артады.
Авторы: Рауан Мыңбаев