Сарыағаштағы жылыжайларға көмір жеткізілді
Сарыағаштағы жылыжайларға көмір жеткізіліп, диқандардың қолы ұзарып қалды.
Өңірде бұған дейін қар қалың түсіп, соңы аязға ұласқаны белгілі. Сол тұста отынға сұраныс көбейіп, жылыжай иелері әбігерге түскен еді.
Шаруа баққан ағайынның ендігі жағдайы қалай екен? Көмір жеткілікті ме?
Бұл Сарыағаш ауданындағы бір мезетте 3 млн көшет өндіретін елімізде баламасы жоқ тұқым бақ. 1 гектар алқап толықтай автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді. Түрік технологиясымен жабдықталған. Мамандар әлемдік талаптарға толық жауап беретінін айтады. Мұнда өндірілген көшеттер осындағы жылыжайлардан бөлек, еліміздің барлық аймағына жөнелтіледі. Қаңтардағы қалың қар мен қатты аяз бұларға да кері әсерін тигізген.
Данияр Қалтаев, жылыжайдың іс басқарушысы:
- Қазіргі уақытта көмір жеткілікті, артығымен келіп жатыр. Көшеттерімізді апарып егіп жатыр. Біз бұл жерде қызанақ, қияр, болгар бұрышы, баклажан, соны егіп жатырмыз. Сапалы көшен ол ертең мол өнім береді.
Қаңтар айында Сарыағаш ауданындағы темір жол тұйықтарына 640 вагон көмір жеткізілген. Оның дені Қазығұрт, Келес, Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарындағы қатты отыннан қысылып отырған тұрғындарға үлестіріліпті. Қазір Сарыағаш аудандағы барлық жылыжайлар қажетті көмірмен қамтылып, шаруаларын егістік жұмысын жалғастыруда.
Құдайберген Пулатов, аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- Көмірдің мәселесі тұрақталды. Қазір 70 вагон көмір жеткізілді. Көмір қоры темір жол тұйықтарында бар. Жылыжайларда керекті көмірін тасымалдап алып жатыр.
Мамандардың айтуынша, көмір тапшылығына байланысты Сарыағаш ауданындағы жылыжайлардың 30 пайызға жуығы зардап шеккен. Қазір оларға келген шығын көлемі есептеліп, несиелерін өтеу немесе мерзімін ұзарту бойынша арнайы құрылған комиссия жұмыс істеп жатыр.
Жандос Жұмбаек, Ерболат Әбіш