Ұлттық қордан әр баланың шотына 150 доллар аударылады
Ұлттық қордан балаларға берілетін ақша келер жылдың қаңтарынан бастап төленеді.
Әр баланың шотына жылына 150 доллар көлемінде ақша аударылады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді. Сенатта Ұлттық қор қаржысын ұтымды және тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Вице-министрдің айтуынша, қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа толмаған балалардың барлығына бірдей бөлініп беріледі. Бала 18 жасқа толған соң қаражат оның жекеменшігі деп есептеліп, оны пайдалану құқығы өзіне беріледі. Қаржыны білім алу мен тұрғын үй сатып алуға да жұмсауға болады. Бірақ пәтерді тек ел аумағынан ғана сатып алуға рұқсат. Немесе шетелдік білім ордаларындағы оқу ақысын төлеу үшін де қолдануға мүмкіндік бар. Болжам бойынша баланың шотындағы жинақ сомасы ол 18 жасқа толғанда 3500 доллар көлемінде болады.
Дәурен Темірбеков, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Қазіргі таңда Қаржы министрлігі тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен керекті түзетулерді әзірледі. Бұл түзетулерді осы жұмада Парламентке енгіземіз. Бүкіл салымдар доллар түрінде жатады, 18-ге толған кезде бала доллар түрінде алады сол қаржыны. Ол ақша ешқайда жойылмайды, ол ақша Ұлттық қорда болады. Онымен Ұлттық банк инвестиция жасайды. Бөлінген ақшаға шартты түрде үстінен тағы да 18 жылдық мөлшердегі жарна төленетін болады.