Атырау облысы Мақат ауданы өзін өзі қуат көзімен қамтиды
Атырау облысы Мақат ауданы таяу арада өзін өзі экологиялық таза энергиямыен қамтитын болады.
Өңірде желден электр энергиясын өндіретін стансаның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осыдан 2 жыл бұрын басталған жоба таяу арада іске қосылуы тиіс. Бұл аймақта жылдың 7-8 айында толассыз жел есіп тұрады. Сағатына 48Мега ВТТ электр энергиясын өндіруге мүмкіндік беретін 24 жел генераторының қуаты ауданның сұранысын толық өтей алады.
Жел электр стансасының құрылысы шілде айында аяқталады. Бұған дейін Исатай ауданына қарасты «Манаш» елдімекені маңайынан сағатына 36 МегаВТ қуат өндіретін осындай жоба жүзеге асқан еді. Енді міне, Мақат ауданында жел электр стансасы бой көтерді. Қазір 500 гектардан астам аумаққа 24 жел генераторының қадасы қағылып, қаңғалақтары орнатыла бастады.
Қуаныш Қонысбаев, учаске басшысы:
- Қазір біз аяқталу кезеңінде тұрмыз. Бұйырса, осы 2023 тің бірінші жарты жылдығына жоспарлап отырмыз бітіруге. 24 қондырғының монтажы бітті. Подстансасынң құрылысы да бітті. Жоба аяқталғаннан кейін жел екпіні 6 м/секунд болса, әр құрылғы 2 МегаВТ-тан ток береді.
32 мыңға тарта тұрғыны бар, 3 елді мекен мен 2 кент орналасқан ауданда электр қуатына деген сұраныс жыл санап өсіп келеді. Әсіресе жаз айларында теміржол бекеттерінде орналасқан шағын ауылдарда электр қуаты жетіспейді.
Бекәділ Жайкин, Мақат ауданы әкімінің орынбасары:
- Жаз кезінде ток жетпеу мәселесі туындап отыр халық атынан өтініштер де түсіп жатыр. Осы жоба аяқталған жағдайда аудан тұрғындарын, ауылдық елдімекендерді толықтай токпен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Қосымша ШОБ дамуына тағы да кәсіпкерліктер ашуға жұмыс орнын ұсынуға көп септігін тигізеді.
Экологиялық тұрғыдан таза, экономикалық жағынан тиімді жоба облыс бойынша жалғасын табатыны сөзсіз. Әсіресе, облыс орталығынан 600, Құрманғазы ауданынан 300 шақырым шалғайдағы «Азғыр» өңірі үшін бұл өте маңызды. Себебі «азғырлықтар» әлі күнге электр энергиясын Ресейден алып келеді. Жалпы Атырау облысы 414 мегаватт электр қуатын өндіреді. Егер облыстың қажеттілігі 732 мегаватт/сағат екенін ескерсек, әрине, жеткіліксіз. Қалған қуат көздері Маңғыстау облысы мен Ресейден тасымалданады. Ендеше осындай жаңа жобалардан мұнайлы өңір тұрғындарының күтері көп.
Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин