Ресейден еліміздің шығысына газ тартылуы мүмкін
Еліміздің шығыс өңіріне Ресейден құбыр тарту арқылы газдандырылуы мүмкін.
Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді. Оның айтуынша, Шығыс өңірлерді газдандыру үшін министрлік 2 нұсқа қарастырған. Бірінші «Қостанай-Астана-Павлодар-Семей-Өскемен» бағыты бойынша газ құбырын салу. Алайда ол үшін қомақты қаражат қажет. Әрі тариф құны қымбаттап кетуі мүмкін. Ал Ресей Федерациясынан газ импорттау, тиімді нұсқа болып отыр. Бүгінде Қазақстан, Ресей және Қытай елдері халықаралық газ құбырын салу мәселелеріне қатысты алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу мәселесін пысықтап жатыр. Жалпы елімізде 11,6 млн адам, көгілдір отын қызығын көріп отыр.