Қостанай облысында тауарлы балық өсіру дамып келеді

Соңғы екі жылда осы саламен айналысатын шаруашылықтар саны он үш есеге артқан.

Тоғандарда ақ-сақа, тұқы, пайда-балық сияқты тұқымдар өсіріледі. Енді кәсіпкерлер бағалы бекіреге ден қоя бастаған. Осы ретте Тобыл қаласында ферма бой көтеріп келеді.

Валентин Ищенко былтыр бекіре өсіретін ферма құрылысын бастады. Мемлекеттен бір гектардан аса жер алды. Уылдырықтан тауарлы балыққа дейін өсіру көздейді. Жылдық өнім қуаттылығын 20 тоннаға жеткізбек. 

Валентин Ищенко, кәсіпкер:

- Су көлемі 400 текше метрге тең 16 бассейн орнатылады. Оған қоса шабақтар цехында 40 текше метр сыйымдылық болады. Тек қана жерасты суын пайдаланамыз. Артезианды тіршілік нәрі нағыз бекіре өсіруге арналған.

Бұл қымбат балық өсіру жобасы Қостанай ауданының индустрияландыру картасында бар. Жоба құны - 180 млн теңге. Бастапқыда кәсіпкер шығынның бір бөлігін мемлекет өтейді деп ойлаған. Бірақ құрылыс барысында шарт талаптары өзгеріпті. 

Валентин Ищенко, кәсіпкер:

- Жабдықтар мен құрылысқа кеткен шығынның 25 проценті субсидиялануы тиіс еді. Енді жаңа ережеге сәйкес 40 тоннадан бастап өтелетін болған. Яғни біз демеуқаржыдан қағылып отырмыз. Ал әуел бастан есептегенімізде осы субсидияға үміт артқанбыз.

 Ал салалық мекемедегілер бұл мәселе жақын арада шешіледі деп отыр. Ұсыныстар министрлікке жолданады. Жауабы сәуір айына дейін келуі тиіс. 

Серік Бейсембаев, Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

- Орталық аппарат бұл мәселеден хабардар. Менің ойымша ережеге өзгертулер енгізілуі тиіс. Себебі онда бекіре, жайын сияқты балық түрлері бойынша айтылған. Міндетті түрде бұның бәрі жан-жақты пысықталады.  

Қазір облыста тауарлы балық өсіретін 53 шаруашылық құрылған. Екі жыл бұрын небәрі төрт шаруашылық болатын. Негізінен балықтың ақсақа, тұқы, пайдабалық түрлері өсіріледі.  

Маржангүл Дандыбаева, Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:

- Бүгінгі таңда бағдарлама бойынша Қостанай облысында 49 балық өсіретін шаруашылық ұйымдастырылуға тиісті. Бірақ бізде өткен жылдың соңында 53 шаруашылық бар ондай. Сонымен қатар біздің облысқа 2022 жылы біз тауарлы балықтың санын 92 тонна өсіруіміз қажет еді. Біз 167 тонна балық өсірдік.  

Өнім көлемі жылдан-жылға ұлғая түседі. Шаруашылықтар алдағы жеті жылда өсірілген балықты 10 мың тоннаға жеткізеді деген болжам бар. Сонымен қатар шикізатты терең өңдеуге негізделген бірқатар инвестициялық жоба дайындалып жатыр. 

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров