Қазақ-қырғыз әртістері Бішкектегі гала-концертте өнер көрсетті

Бішкекте «Кош Канат» қырғыз-қазақ жобасының гала-концерті өтті, деп хабарлайды 24KZ. Екі ел әртістерінің қатысуымен ұйымдастырылған шара танымал телевизиялық шоудың аралық қорытындысына айналды.

«Кош Канат» – танымал телевизиялық шоу. Бір жыл бұрын Қазақстан мен Қырғызстанда басталған. 3 түрлі мемлекеттік телеарналардан көрсетіледі. Ортақ жобаның рейтингі жоғары. Шоуда екі елдің әртістері тікелей эфирде ән салып, би билейді, ұлттық музыкалық жанрдың, мәдениеті мен дәстүрлерінің ерекшеліктері туралы айтады.

Нуриза Чынтемирова, «Кош Канат» тележобасының продюсері:

- Қазақстанның Жамбыл, Тараз, Алматы секілді түрлі өңірлерінен қатысушылар келді. Астанадан жастар театрының өкілдерін шақырдық. Бұл өнер ордасынан жобаға 30 адам қатысты.

Бішкектегі «Кош Канат» жобасының гала-концертіне 45 әртіс қатысты. Олар түрлі жанрда өнер көрсетті. Көрермендер ақындар айтысын, танымал әншілердің өнерін, тіпті мюзикл үзінділерін тамашалай алды. Сахнада шоудың бұрынғы қатысушылары мен келер жылы қатысатын әртістер кездесті.

Аида Смағұлова, Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының көркем жетекшісі:

- Концертке Жанар Айжанова, Өміркүл Айниязов, Арман Бексұлтан сынды Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері қатысты. Қырғыз тарабынан халық әртісі Саламат Сыдыкова өнер көрсетті. Бұл концерттің екі ел халықтарының достығы үшін қаншалықты маңызды екенін білдіреді.

Кеште Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі қазақстандық әртістерге екіжақты мәдени байланыстардың дамуына үлес қосқаны үшін грамоталар мен алғысхаттар табыстады. Енді «Кош Канат» тележобасының келесі гала-концертін Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Жулдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев.