Қарағанды облысында бағбан жылыжайдан 450 тонна өнім алып отыр
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Трудовое ауылында тұратын Батыр Дәрменов жылыжайдан жылына 450 тонна өнім алып отыр.
Бағбан мемлекеттік бағдарламамен жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, бүгінде бизнесін аяққа нық қойған. Келешекте кәсібін кеңейтіп, көкөністің басқа да түрлерін егіп көруге ниетті.
Батыр Дәрменов осыдан 5 жыл бұрын алғашқы жылыжайын салып, қияр өсіре бастаған. Көкөністің көп шыққаны сол, бір жылда 160 тонна өнім жинайды. Осыдан соң кәсіпкер тағы бір жылыжай салып, өнімін бірден үш есеге арттырған.
Батыр Дәрменов, кәсіпкер:
-Біз жылына 400-450 тонна өнім аламыз. Келешекте тағы бір жарым гектар қосып, 1000 тоннаға дейін жеткіземіз деген планымызда бар. Жұмыс істеймін деген кісіге өте ыңғайлы. Біз 150 млн кредит алғанбыз, ал қазір біздің проектіміз 430 млнға тұрады.
Жылыжайда ылғал мөлшерін қадағалайтын арнайы құрылғы орнатылған. Температура мен топырақтың құнарын да компьютердің көмегімен бақылайды. Тамшылатып суғару технологиясының арқасында су да үнеммен жұмсалады. Қысқасы мұнда барлық жұмыс автоматтандырылған. Тек жиын-терім уақытында ғана қосымша жұмыскерлер жалданады. Бұл жерде өскен қиярға Қарағандыдағы сауда орындарынан сұраныс зор.
Нұрхан Пардабаев, агроном-технолог:
-Бұл қиярдың танто деп аталатын тұқымы. Салмағы 200 граммнан артық болады. Ұзындығы 20-25 см. Заманауи технология көмегімен осындай біркелкі өнім аламыз. Жылыжайымыз қысы-жазы жұмыс істейді.
Еңбекқор азамат енді қызанақ өсіруді қолға алмақ. Ол үшін жылыжай санын арттырып, жергілікті 70 адамды жұмысқа алуды жоспарлап отыр. Жаңа жобасына тағы жеңілдетілген несие алмақ. Жалпы өткен жылы облыс бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы ұйымдарынан 600 кәсіпкер 20 миллиард теңге көлемінде несие рәсімдеп, түрлі бизнес жобаларды іске асырған.
Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар