Елімізде 26 көкөніс қоймасы салынады
Биыл елімізде сыйымдылығы 104 мың тонна болатын 26 жаңа көкөніс қоймасы салынады.
Ал 2026 жылға дейін тағы 35 заманауи нысан ашылады. Қазір шаруашылықтарға субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. Сала мамандарының айтуынша, соңғы уақытта көкөніс өнімділігі артып отыр. Осыған байланысты қолданыстағы сақтау инфрақұрылымын кеңейту және жаңғырту қажет. Бұл өз кезегінде азық-түлік белдеуін құруға септігін тигізеді. Қазіргі уақытта көкөніс қоймаларының тапшылығы мәселесі өткір тұр. Сол себепті кешенді жоспар әзірленген. Жоспар бойынша қоймаларды салуға және жаңғыртуға инвестициялар тарту үшін субсидия көлемін арттыру көзделген. Еліміздегі 1200-ден астам қойма болса, оның 30 проценттен астамы Павлодар облысында. Былтыр 11 жаңа қойма тапсырылды, биыл тағы алты нысан салынады.
Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
– Мемлекет өз тарапынан қолдау немесе субсидия ретінде қоймаға кеткен шығынның 25%-ін субсидиялайтын болса, қазіргі қарастырылып отырған жаңа субсидияның ережесі бойынша сақтау қоймаларына бөлінетін мемлекеттік жәрдем шығыннң 40-50%-на жеткіземіз деген жоспарымыз бар. Сондықтан, алдымен сақтау қоймаларын бақылап, қарап жүрміз. Қаншалықты қажеттілігі бар, қай аймақта қажеттілігі бар.
Тимур Айтбаев, кәсіпорын менеджері:
- Сатып алған гербицидтер, пестицидтер, техниканың барлығына субсидия төленеді. Қазіргі уақытта картоп өсіруге арналған 1200 гектар, сәбіз өсіруге арналған 250 гектарлық суармалы жеріміз бар. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар.