Түркістан облысында туризм маусымы ашылды
Түркістан өңірінің негізгі драйвері – туризм.
Сондықтан мұнда туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру - бүгінгі күннің басты талабы. Көне шаһарда туристік маусымның ресми ашылуында облыстың туристік әлеуеті жан-жақты таныстырылды. Жандос Жұмабектің материалына зер салайық.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Бұл жолғы туристік маусымның ашылуы бұрынғыдан өзгерек. Себебі биыл өңірдегі наурыз мерекесін атап өтудің онкүндігі аясында жасанды көлдің жағасында, ашық аспан астында, сән-салтанатымен, ерекше форматта өтуде. Су бетіндегі сахна, мерекелік шоу-қойымдар, қызықты ойындар қала тұрғындары мен меймандарына ұмытылмас әсер, ғажайып көңіл күй сыйлап жатыр.
Туризмге қатысты интерактивті ойындар, спорттық сайыстар; білекті жігіттердің қол күресі, кеуде керу мен гір тасын көтеру және қыздар арасында бауырсақ жеуден жарыстар ұйымдастырылады.
Елордалық Жұмабике Досаева да мерекелік іс-шараларға белсенді қатысып, өз әсерімен бөлісті. Өңірде туризмнің дамып келе жатқанына дән риза.
Жұмабике Досаева, Астана қаласының тұрғыны:
- Астана қаласынан Түркістанға бірінші рет келдім. Туристік маусым ашылып жатыр екен. Расында туристік аймақтарға баруға көптен армандап жүрмін. Қазір барлық ойынға қатысамын. Бір жолдама ұтып алмай құр-бос қайтпаймын.
Түркістан облысында тұмса табиғатымен туристерді таңғалдыратын орындардың бірі Түлкібас ауданындағы мемлекеттік табиғи қорық. Мұнда қызыл кітапқа енген жан-жануарлар мен түрлі өсімдіктерге кездестіруге болады. Өткен жылы ауданға 12 мыңға жуық саяхатшы келген. Оның 500-ге жуығы шетел азаматтары.
Бейбарыс Қарақұлов, аудандық туризм бөлімінің бас маманы:
- Табиғаты өте ерекше болғандықтан туристердің басым көпшілігі осы қорыққа келеді. Яғни ол шетел азаматтары, Швейцария, Ұлыбритания және Канаданың азаматтары. Көпшілігі бір келгеннен кейін екі рет келуге құштар болып тұрады.
Бұдан бөлек Түркістан облысында емдік-сауықтыру туризмі де жақсы дамыған. Өңірде 70-ке жуық осындай орын болса, соның 40-тан астамы Сарыағаш ауданында орналасқан.
Роман Турханов, емдік-сауықтыру орталығының бөлім басшысы:
- Біздің емдік-сауықтыру орталығына еліміздің барлық аймағынан бөлек, алыс-жақын шетелден де саяхатшылар көп келеді. Бір күнде 20 мың адамға қызмет көрсетіледі. Көбі шипалы суын ішіп, батпағына түсу үшін келеді. Тынығып, ем қабылдап кетеді.
Облыс аумағында туристерді қызықтыратын 1700-ге жуық әр түрлі тарихи-мәдени ескерткіштер мен 4 ерекше қорғауға алынған табиғи парк бар. Мамандардың айтуынша, олар жылдың 4 мезгілінде туристерге қызмет көрсетеді. Ал Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен мына орталық саяхатшыларды тартатын ең негізгі нысан саналады. Одан бөлек, Арыстан баб кесенесі мен Отырар төбе аймағы да саяхатшыларды тарихымен қызықтырады.
Нұрдәулет Медеуов, облыстық туризм басқармасы басшысының м.а.:
- Жаз айларында өте ыстық болатынын ескере отырып, қазіргі таңда Отырар қалашығына кешкі, түнгі уақыттарда серуендеуге мүмкіндік ашылып отыр. Туристер баратын өңірегі 35 нысанның барлығын новигатциялық жүйеге қалыптастыру, туристік бағдармен паспорттарын үш тілде жүзеге асыруды қолға алып отырмыз.
Өткен жылы өңірге 1 млн-ға жуық саяхатты келсе, биыл олардың санын 1 млн 300 мыңға жеткізу көзделіп отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов