Маңғыстау облысынан өтетін транзиттік жүк көлемі көбейді

Маңғыстау облысынан өтетін транзиттік жүк көлемі көбейді.

Мәселен, былтыр «Болашақ» теміржол станциясы арқылы 2 млн тоннадан аса тауар тасымалданған. «Биыл бұл көрсеткішті бірнеше есе арттырамыз» - дейді мамандар.  

«Болашақ» станциясы 2016 жылдың мамыр айында іске қосылды. Болашақ пен Түркіменстанның Серхетяка станциясын темір жол қосып жатыр. Осы арқылы Қазақстан астығы Иранға тікелей тасымалданады.  Станция салынған уақытта жанынан  шағын елдімекен бой көтерді. 700-ге жуық тұрғыны бар ауылда  халықтың  95 проценті осы салада  жұмыс істейді. Аралбай Орысбаевтың мамандығы - аға вагон қараушы. Әріптестерімен бірге күніне 3-4 поезд құрамының жолға дайындығын қарайды.  

Аралбай Орысбаев, теміржол қызметкері:

- Өзен бағытынан келетін поездарға техникалық қызмет көрсетеміз. Ұзақ жүріп келе жатқан пойыздардың аяқтары босап кетуі мүмкін. Сол жағын қатырып жібереміз. Бізге берілетін уақыт 60 минут. Соның ішінде жағдайын жасап жібереміз, жолда кедергі келтірмейтіндей.

«Болашақ» шекаралық станциясының халықаралық жүк тасымалында әлеуеті жоғары. Осыдан екі жыл бұрын жалпы көлемі 1 млн тоннадан астам әртүрлі жүк шетел асқан. Ал былтыр 2 млн тоннаның үстінде тауар өткен. Қазірдің өзінде құрылыс материлдары, бидай және жанар-жағар май тиелген вагондар Түрікменстанға  кедергісіз өтіп жатыр. Одан әрі Иран Ислам Республикасы мен Ауғанстанға тасымалданады.

Мақсат Нұрбеков, теміржол станциясының бастығы:

- 2022 жылдың қорытындысында Түрікменстан елімен арадағы жүк айналымында, олар бізге 200 мың тоннадай жүк алып келсе, біздің тарапымыздан 1 млн 200 тоннадай жүк өткіздік. 5 поезд қабылдап, 5 поезд тапсыруға мүмкіншілігіміз жетеді қазір тәулігіне. Ал енді алдағы уақытта жүк айналымы артып жатса, онын қабылдап-жіберуге дейін біздің мүмкіншілігіміз арта береді.

Станция Жаңаөзеннен 150 шақырым қашықта.  Қытай мен Ресейден шығатын транзит жүктер осы жерден өтіп Парсы шығанағындағы елдерге жеткізіледі. Негізінен автокөлік бөлшектері, мұнай-газ саласында қолданылатын құрал-жабдықтар мен медициналық қондырғылар тасымалданады. Ал Қазақстаннан ұн өнімдері, қант тағы басқа азық-түлік жөнелтіліп келеді. Түрікменстаннан кері қайтарда Иранның жеміс-жидегі, күкірт және тоқыма бұйымдар елімізге келеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев