Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын арттыруға мүмкіндік мол
Алматыда Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты ұлғайтуға бағытталған, құны 565 миллион доллар болатын 5 коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Енді Қытай нарығына жөнелтілетін қазақстандық тауарлардың көлемі артады. Экспортқа шығатын тауарлардың басым бөлігі ауылшаруашылық өнімдері. Атап айтқанда, көрші мемлекеттен ет, балық өнімдері, жұмыртқа мен мақсары майларына сұраныс көп. Шекара маңы ынтымақтастығының 2-ші Достық диалогына көрші елдің делегациясын Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Қытай Коммунистік Партиясы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй бастап келді. Айта кетейік, Қытай - Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 24 миллиард доллардан асты. Алдағы уақытта Қазақстан Қытайға 135 тауар түрі бойынша отандық өнімнің экспортын арттыра алады, - деді еліміздің Үкімет басшысының орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары:
- Сапалы ауылшаруашылық өнімдеріне сұраныс жоғары. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан экологиялық таза, сапалы өнім шығарады. Сондықтан, Қытай біздің тауарларымызға қызығушылық танытып отыр. Біз еліміздегі ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың әлеуетін сараптадық. Жалпы алғанда Қазақстан тауар экспортын тағы 1 миллиард долларға арттыра алады деген шешімге келдік. Біз отандық тауарларды Қытай нарығына кедергісіз жеткізу мәселелерін талқыладық.