Жетісу облысында жастарға 2,5 проценттік несие беріле бастады
Жетісу облысында жастарға 2,5 проценттік үстемемен несие беріле бастады.
Комиссияның қарауына әзірге 50 бизнес жобасы ұсынылған. Алғашқы отырыста соның екеуі мақұлданып, біреуі толықтыру үшін кері қайтарылды. Жастарға 5 млн теңгеге дейін несие беруді мемлекет басшысы өткен жылғы жолдауында айтқан еді. Содан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оның шарттарын әзірлеп бекітті. Ол бойынша қаражатқа қол жеткізгісі келетіндердің жасы отыз бестен аспауы керек. Кәсіпкерлікпен айналысқанына 5 жыл толмауы әрі бизнес жобасымен қатар кепілге қоятын мүлкі болуы шарт. Шағын несие жастарға ауыл шаруашылық, туризм, құрылыс тағы басқа салаларда өз ісін ашып, дамытуға мүмкіндік береді.
Ақмейір Тілекқызы, облыстық жұмыспен қамту басқармасының бөлім басшысы:
- 249 адамға 1 млрд 245 млн теңге бөлініп отыр Жетісу облысы бойынша. Комиссия отырысы біздің қағида бойынша кем дегенде айына бір рет, алайда құжат көп болатын болса, айына екі-үш рет өткізуіміз мүмкін.