Маңғыстауда 19 адамның соттан тыс банкроттығы мақұлданды
Маңғыстау облысында 19 азаматтың соттан тыс банкроттық туралы өтініші алдын ала мақұлданды.
Олардың басым көпшілігі әйелдер. Көбі тұрақты жұмысы жоқтығынан қарызды уақытында төлей алмаған. «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» заңға Президент наурыздың басында қол қойған болатын. Содан бері өңірде 1546 адам мемлекеттік кірістер органдарына жүгінген.
Базарбек Баймағанбетов, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:
- Соның ішінен 19 жеке тұлғаға қатысты арыз алдын ала мақұлдаудан өткен. Арыз берілгеннен кейін 14 жұмыс күні ішінде арыз берушіге соттан тыс банкроттық рәсімін қабылдау туралы 1414 номері арқылы смс барады. 15-жұмыс күні электронды үкімет порталында соттан тыс банкроттық рәсімі қолданылған, тоқтатылған немесе аяқталған азаматтардың тізімі орналастырылатын болады.