Үкімет қант бағасына әсер ету үшін қамданады

Отандық қант зауыттары шикізатты бажсыз алып, өз қуаттылығын арттырады.

Мұндай тарифтік жеңілдік елдегі қант бағасына оң ықпал етпек. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысында Қазақстанға шикі қантты баж салығынсыз кіргізу туралы ұсыныс айтылып, бірауыздан қолдау тапты. Бұған дейін еліміз қанттың 90%-ын көрші елдерден алып келді. Енді ішкі нарықты өз өнімімізбен қамтуға мүмкіндік бар. Кеңес отырысына қатысқан Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова қазақстандық қант зауыттарын шикізатпен жеткілікті мөлшерде қамту үшін оны үшінші елдерден алу қажет екенін айтты. Алдағы 9 айда елімізге 350 мың тонна қант шикізаты жеткізіледі. Осындай тарифтік квота күзге қарай тағы қарастырылады.