Маңғыстауда кәсіпорындар цифрлық таңбалауға көшіп жатыр
Маңғыстау облысында кәсіпорындар цифрлық таңбалауға көшіп жатыр.
Мәселен, Ақтаудағы фабрика таяуда аяқ киімдерге штрих-код басуды бастайды. Бұл кәсіпкерге нарықтың барлық өзгерісіне жедел мониторинг жүргізіп, өз брендін қорғауға мүмкіндік береді. Жаңашылдықтың тұтынушылар үшін пайдасы қандай?
Бұл шағын кәсіпорын Ақтауда 30 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы аралықта мемлекет қолдауымен әлеуеті артып, нарықта өз орнын тапты. Мұнда жылына 120 мың жұп әртүрлі аяқ киім шығарылады. Ұжымда жүзден аса қызметкер бар. Дені - көп балалы әйелдер. Мұнайлы ауданының тұрғыны Нағима Сабытай осы жерде ұлымен бірге қызмет атқарады.
Нағима Сабытай, көп балалы ана:
- 2002-де келдім осы жұмысқа. Шәкірт болып келдім басында, содан өсе келе қазір жоғары категориядағы разрядпен айлығымды аламын. Осындай кәсіп болғанына шүкір. Еңбегімізді тауып, жұмыс жасап жатырмыз.
Маңғыстауда жасалатын аяқ киімдерге жеке Data Matrix кодын басуды таяу күндері бастау көзделіп отыр. "Бұл өз кезегінде отандық нарықта тек сапалы тауарлардың сатылуына тікелей әсер етеді. Демек, тұтынушылардың қолына контрфактілі бұйымдар түсуін болдырмайды" - дейді фабрика қызметкерлері.
Анна Мангалиева, кәсіпорын қызметкері:
- Өз өнімдеріне цифрлық таңбалауды енгізу отандық өндірушілер үшін үлкен мүмкіндік береді. Оған көшуді қазіргі заман талабы деп түсінеміз. Біз бұл жаңалықты жуық арада өндіріске енгізуге кірісеміз.
Елімізде аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау былтыр толық іске қосылуы тиіс болды. Алайда, кәсіпкерлер жаңа ережеге бейімделу үшін қосымша уақыт сұрады. Тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесіне тіркелмеген аяқ киімді сатуға рұқсат етілген кезең биыл 1 сәуірде аяқталды. Айта кетсек, дайын тауарды таңбалауды қосымша жабдық сатып алмай-ақ кәдімгі принтерде жүргізуге болады. Штрих-код тек аяқ киім өндірушілер мен импорттаушыларға беріледі.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев