Ақтөбелік шаруалар субсидия талаптарын қайта қарауды сұрайды
Себебі техника, мал үшін алған несиелердің пайыздық мөлшерлемесі біршама өскен.
Бұдан өзге өткен күзде жиналған бидайды да өткізу қиынға соғып тұр.
Нұрбек Тілемісов өткен жылы жиып алған қатты бидайын өткізе алмай жүр. Мұндай жағдай 20 жылдан бері егін егіп, өнімін сатумен айналысқан тәжірибелі шаруа үшін алғаш рет болып тұр. Ал, ұн өңдеу және макарон шығаратын кәсіпорындар құнды бидайды арзан бағаға алғысы келетін көрінеді.
Нұрбек Тілемісов, серіктестік басшысы:
- 2660 тоннам бар, твердый бидай. "Оренбургский 10" дейді. Ол деген тіпті өте әдемі бидай. Бүгінгі күні 87 мың теңге береді. Ол деген вообще келмейтін жағдай. 87 мыңға мен тапсырайын, маған 35 000 - 40 000 дотация берсін онда. Ол ақшаны мен қалтама салмаймын, ол ақшаға мен техника алам, ол ақшаға зарплата берем, ол ақшаға развитие жасаймын.
Бүгінде облыстағы қамбаларда 50 мың тоннаға жуық қатты бидай жатыр. Себебі, шаруашылықтар оны тиімді бағамен сата алмаған. Қазір де өткізетін жер таппай отыр. Сондықтан, өңірде азық-түлік корпорациясының өкілдігін ашуды сұрайды. Өйткені, ұлттық компанияның жұмыс істеп тұрған Қостанай мен Ақмола облысындағы орталықтарына да жеткізу біршама шығын әкеледі. Шаруалардың шағымы тиісті министрлікке де жеткен. Алайда талапты орындау үшін алдымен егін егушілердің мүмкіндігін зерттеу қажет көрінеді.
Дамир Аспан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
- Филиал ашты дегеннен кейін ол жаққа қанша өтінім бере алады? қанша өнім бере алады? Егерде ол тым өтініштері аз болып немесе бірде екілі ғана, санаулы ғана фермерлер өтініш беретін болса, ол целый бір филиалды ашып отыру қаншалықты ұтымды? Біз қазір бұл мәселені қарастырудамыз.
Шаруалар үшін несие пайызының жоғары болуы да басты мәселеге айналған. Салдарынан істі дамыту қиындай түсті дейді. Бұны қожалық иелері ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі арасындағы жұмыстың жүйелі жүрмеуімен байланыстырады.
Марлен Баймағамабетов, Ақтөбе фермерлік орталығы қауымдастығы төрағасы:
- Алған несиеміздің пайыздық мөлшерлемелері. Ол техника бар, мал бар, бәрі. Мысалы, 100 млн алсақ, соның бұрын біздер 15 миллионын төлесек, қазір 22-25 миллионға көтеріліп кетті біздің процентный ставкамыз. Оны қазір жабу қиын, ауыр. Кезінде былтыр 16-17 пайызбен қиындап жаба алмасақ, биыл 22-24-ке дейін көтеріп жіберді.
Бүгінде бұл мәселе Ақтөбеден өзге, көрші өңірлердің шаруалары үшін де үлкен мәселеге айналған. Бұдан өзге субсидиялаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің жыл басында қалыпты жұмыс істемеуі біраз әбігерге салған. Ал мамандар аталған мәселелер қазір шешіле бастағанын айтады. Несиелердің мөлшерлемесі өскенімен шаруалар бұрыңғысынша төменгі пайызбен төлейтінін айтады.
Дамир Аспан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
- Шаруалар тарапынан дәл осы жерде түсінбестік болды. Ол кезде де, бұл механизмде де 6 пайызбен қайтарады. Осыны ескерген жөн. Содан кейін тағы бір нәрсе - субсидия! Қазіргі мынау қолданыстағы субсидия ережесіне сәйкес, жем-шөп субсидиясын әр өңір өзінің аймақтағы жағдайына қарай, облыстық ауыл шаруашылық басқармалары өздері қаражатты бөледі.
Қазір өңірдегі шаруалар көктемгі далалық жұмыстарына дайындалып жатыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев