Шымкент мұнай зауыты сұйық отынды жөнелтуді бастады

Шымкент мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстарынан кейін сұйық отынның алғашқы бөлігін жөнелтуді бастады.

Қайта іске қосылған кәсіпорын, әуелі ішкі нарықтың сұранысын өтейді. Мамандар ендігі кезекте елдегі дизель тапшылығының түйіні тарқап, нарықта, тұрақтылық орнайтынына сенім білдіріп отыр. Ал мұнай өнімдері жанармай бекеттеріне қашан жеткізіледі!? Станциялардағы ұзынсонар кезек тарқады ма!?

Бүгінде жанармай бекеттерінде дизель отынының тапшылығы тарқағандай. Жүргізушілерді сенделтіп қойған сұйық отын саудаға шығарылып, көліктердің кептелісі азайған. Алайда жүргізуші Қуандық Садықов әлі де шекті мөлшер саудасы сақталып тұрғанын айтады.

Қуандық Садықов, көлік жүргізушісі:

- Қазір беріп жатыр дизель топливасын. Кеше де берді. Ал оның алдында жоқ еді. Қазақстанның машинасына 300 литр, ал шет елдікіне өзінің бағасын қойып қойған. Сондықтан олар ала береді полный бак.

Сондай-ақ сұйытылған газ тарату стансаларында да бөлшек саудасы қызды. Алайда оның кейбірі алдын ала жасалған келісім бойынша тек талонмен үлестірсе, енді бірі шектеусіз қолма – қол ақшаға саудалап жатыр.

- Қазір бізде аз қалды да содан кейін талонға жеткізуіміз керек. Өйткені талонға алдын-ала ақшасын төлеп қойған ғой. Оған құймасақ болмайды.

- Негізі ақшамен де саудалап отырсыздар ма?

- Иә, бензовоз келеді. Толтырып береді. Ақшамен де береміз.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты ішкі нарықтың сұранысына сай жоспарлы жөндеуді уақытынан бұрын аяқтады. Енді сала мамандары тәулігіне 17 мың тонна мұнай өнімдерін сапалы өңдеуге қауқарлы. Оның 6 мың 200 тоннасы бензин, 5 мың 600 тоннасы дизель отыны. Сондай-ақ тәулігіне сұйытылған газ өнімінің 820 тоннасы шығарылады.

Бақыт Ерігенов, мұнай компаниясының техникалық директоры:

- Дизель отыны жетпей жатыр. Сұйықталған газ жетпей жатыр. Сосын біз ертерек бітіріп, жұмыс істеп жатырмыз. Жоспар бойынша айдың аяғына дейін 366 мың тонна мұнай өңдеуіміз керек. Одан шығатын өнімдер бензин – 110 мың тонна шығу керек. Дизель отыны – 115 мың тонна. Авиаотын – 19 мың тонна. Сұйықталған газ 15 мың тонна шығу керек осы айдың аяғына дейін. 

Жанар-жағармай қауымдастығының басшысы ендігі кезекте бақылау мен жеткізуші мекемелерге қойылатын талапты күшейтуіміз керек,-дейді. Сондай-ақ дизельдің екі түрлі баға айырмасын қайта қарап, түбегейлі өзгеріс енгізу керектігін айтады. Өйткені қолда бар дайын өнім қонышынан басқысы келетін пысықайлардың әрекетінен соң тек шетел көліктеріне сатылып жатыр. 

Қайыпбек Қамбаров, «Жанар-жағармай» қауымдастығының төрағасы:

- Энергетика министрлігі ұсынған кезде мен қарсылығымды білдіргенмін. Ол дұрыс схема емес. Неге десеңіз бұл кәсіпкерлердің өзін апарып, коррупцияға итермелеп қояды. Шын мәнінде солай болды. Көтерме бағаны реттеу керек. Оған бақылау жүргізу керек. Бәрінде бірдей баға болу керек. Зауыт қосылғаннан кейін соған үміттеніп отырмыз ғой.

Салаға жауапты қауымдастықтың кәсіпкерлермен бірлесіп әзірлеген ұсынысы үкімет қарауына жолданды. Ондағы жанармайды жеткізуді бақылау мен көлеңкелі бизнеске тосқауыл қоюдың жаңа тетіктері ескеріле ме жоқ па әлі белгісіз. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов