Қостанайда газоблок зауыты іске қосылды
Кірпіштен арзан, құрылысқа қолайлы.
Қостанайда газоблок зауыты іске қосылды. Кәсіпорын бір жылда құрылысқа қажетті 75 мың текше метр материал шығарады. Өнім бірнеше талап бойынша, жоғары сапасын дәлелдеген. Енді шетел нарығын бағындыру жоспарда бар.
Газоблок материалы құм, әк және цемент қоспасынан алынады. Бұл зауытта тәулігіне 180 текше метр құрылыс материалы шығарылады. Газоблоктар ғимараттар үшін тіреуіш, арақабырға және тақта ретінде қолданылады.
Виктор Счастливый, "QAZ BUILD KST" директорының орынбасары:
- Зауыттың жылдық өнім қуаты 75 мың текше метрге жетеді. Пайдаланатын шикізатымыз отандық. Газоблоктың берік және жеңіл түрі бар. Оның көмегімен 5-7 қабатты үй құрылысын жүзеге асыруға болады.
Қостанайлық газоблок құрылыс компаниялары үшін айтарлықтай үнем. Бұрын кірпіштен қымбатқа түсетін материал енді 25-30 процентке дейін арзан.
Олег Ким, "БК-Строй" құрылыс компаниясының құрылтайшысы:
- Былтыр Ресейден газоблоктың бір текше метрін 48 мың теңгеден алатынбыз. Оған қоса логистика, жеткізу құны бар дегендей. Бұдан былай рубльге тәуелді болмаймыз.
Өндірістегі сапа қатаң бақылауда. Әрбір дайын газоблок 40-қа тарта көрсеткіш бойынша сәйкес келуі тиіс.
Евгений Улеев, "QAZ BUILD KST" бас технологы:
- Біздің өндіріс қалдықсыз. Газоблоктың пішінінде, құрамында ақау табылып жатса, оны уатқыш цехына жіберіп қайтадан өндірісте пайдаланамыз.
Облыс бойынша тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары. Былтыр 450 шаршы метр баспана салынса, биыл бұл көрсеткіш жарты миллионға жеткізіледі.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Бетон жетеді, ал кірпіш және газоблок зауыттары керек. Сондықтан біз инвесторларды іздейтін боламыз. Табылатын шығар деп ойлаймын және инвесторларға өзінің ойларын орындау үшін көмекті біз жан-жағынан жасайтын боламыз.
Тұтастай алғанда осындай жаңа өндіріс нысанының ашылуы облыстың инвестициялық тартымдылығын арттырып, әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізбек.
Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров