Шымкенттік диқандар еккен өнімдерін үсік шалатынына алаңдаулы
Шымкентік диқандар егіс даласындағы жас өскіндерді үсік шала ма деп алаңдап отыр.
Өйткені көктемгі науқан қызған шақта ауа райы құбылып, температура төмендеп кетті. Шаруалар алқаптарды суықтан қорғаудың түрлі амалын тауып, көшеттердің түбіне су қойып, жылытып жатыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Шымкентте барлығы 27 мың гектар алқапта ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Оның басым бөлігіне дәнді және мал азықтық дақылдары егілген. Қалғаны көкөніс пен бақша өніміне бағытталған. Алайда ерте көктемде егіске кіріскер диқандар ауа райы температурасының төмендеуіне алаңдап, алқапты суықтан сақтауға тырысып жатыр.
Қанат Төлепов 6 гектар суармалы алқапқа өзі өндірген орамжапырақ көшетін ерте көктемде екті. Алайда тамыр байлап, бойын енді ғана тіктеген жас өскіндерді үсік шала ма деп уайымдап отыр. Өйткені оңтүстікте күн күрт құбылды. Күндізгі температура 13 градус жылылықты көрсетсе, түнде 0-ден жоғары. Сондықтан егін алқабын сақтап қалу үшін түрлі амал-айлаға көшкен.
Қанат, Төлепов диқан:
- Мынау пекинский капуста. Ауа райы бұзылғаннан кейін су қойып жатырмыз. Сәл болса да жылулықты сақтайды. Мынау үсті жабылған материалымыз ультрасин. Бұл жетпегеннен кейін қалғанына су ашып, сәл болса да жылулық ұстайды деп істедік.
Ал шаруашылыққа тиесілі 47 гектар алқаптың қалған бөлігіне дәнді дақыл себіліп, мал азығы егілген. Өйткені іргедегі ағын судың арнасы жиі кебеді. Сондықтан диқандар үшін суды аса қажет етпейтін ауыл шаруашылығының өнімін өндіру қолайлы. Әрі ұрықтық, көкөніс көшетіне қарағанда анағұрлым арзан.
Қанат, Төлепов диқан:
- 1 гектарға 230 келі себемін күзді күні. Биыл Құдай қаласа 1 гектардан 40 центнер аламын ба деп болжап отырмын. Дайын өнімді өзімнің мал азығыма жинаймын. Қалғанын сатамын. Ал овощтың ұрықтары қымбат болып кетті қазір. Совсем қымбат. Мынау бидай сияқты дәнді дақылдар арзандау сәл болса да. Осыны егіп жатыр қазір диқанның бәрі.
Биыл шаһарда 87 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін өндіру жоспарланып отыр. Алқаптарда көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Салаға жауаптылар шаруалардың ісі шатқаяқтап қалмас үшін арпа, бидай, жоңышқа мен мақсары егуге басымдық беруді ұсынды. Өйткені аймақтағы өзен-каналдар қайта жаңғыртудан өтіп, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Алтынбек Сұлтанмұрат, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Қаланың көп шаруақожалықтары дәнді дақылдарға басымдық беру себебі қазір шаһар мегаполис статусын алғалы көптеген жерлер алынуға жатады. Егерде мемлекет мұқтаждығына қажет болған жағдайда. Сондықтан қаламызда суармалы жерлер азаюына байланысты дәнді дақылдар егу ыңғайлы болып отыр.
Шаһардың шаруа қожалықтарын қолдап, өнім көлемін арттыруға қалалық бюджеттен 143 миллион теңге қаржы бөлінді. Қомақты қаражат минералды тыңайтқыштарды субсидиялап, тұқым шаруашылығын дамытуға жұмсалады. Сондай-ақ диқандарға жеңілдетілген жанар-жағармай үлістіруге бағытталған.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы