Астанада жүзге жуық компания бос жұмыс орындарын ұсынды
Астанада 100-ге жуық компания мың бос жұмыс орнын ұсынды.
Бүгін Еуразия ұлттық университетінде Елорда жастары үшін қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Білім беруден бастап, сауда саттық саласының өкілдері келіп, өзлері қажетті мамандардың тізімін жариялады.
Астанада жастар саны бүгінде 441 мыңға жетті. Сондықтан биыл бас қалада бос жұмыс орындар жәрмеңкесі бірнеше мәрте өткізілді. Қала билігі жыл аяғына дейін 15 мыңға жуық жасты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Демек, мұндай жәрмеңке тағы да өткізіледі. Ал бүгін биыл жоғары оқу орынын бітіретін түлектерге басымдық берілді.
Қайрат Қамбаров, қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
- Қаламызда 15 ЖОО бар, 67 мың студент бар. Жылда 15-20 мыңға жуық түлек бітіріп кетеді. Қаламыздағы бүкіл ЖОО қамти отырып, жыл аяғына дейін осындай жәрмеңкелер ұйымдастыру жоспарда бар.
Жәрмеңке арқылы жұмыс табуға ниеттілер көп. Жастар жұмыс берушімен тікелей тілдесіп, ұнаған компанияға түйіндемесін ұсынып жатыр. Осылайша, еңбек өтілі жоқ жастарға жұмыс табуға үлкен мүмкіндік жасалды.
Дулат Самуратов, студент:
- Осы жылы бітіретін студент болған соң біз қазірден бастап жұмыс іздейміз. Сондықтан осындай жәрмеңкелерден жұмыс қарауға тырысамыз. Жалпы маркетинг саласына қызығам. Сату жағына да қарастырам.
Ал бас шаһардағы NEET санатындағы жастар үшін қаладағы колледждерде қысқа курстар өткізілмек. Яғни оларды СММ, мобилография сияқты заманауи мамандықтарға оқыту көзделген. Сондай-ақ neet жастармен жұмыс істеу жөнінде 3 жылдық жол картасы дайын. Сол арқылы 3 жылда 30 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылмақ.
Айнұр Қуатқызы, Асхат Қарақойшиев