2023 жылы Қостанай облысына 337 млрд теңге инвестиция тартылады
Ал қолданысқа берілетін жобалар құны – 1,7 трлн теңге, деп хабарлайды «Хабар 24».
Соның ішінде өндірістік 10 нысан машина жасау саласын қамтиды. Дегенмен индустриалды аймақта бой көтеретін кәсіпорындардың біразы кедергілерге тап болуы мүмкін. Өйткені аймақта электр қуаты, отын және газ тапшы. Бұдан бөлек, көлік логистикасы мәселесі де шешілмей тұр. Осыған қатысты Қаржы комитеті және салалық министрлік өкілдері қостанайлық кәсіпкерлермен кездесті. Олардың пікірлерін тыңдап, проблеманың шешілу жолдарын қарастырды.
Биыл тауарларды Қазақстан бойынша және шетелге бір жерден экспорттайтын құрлық портын салу жоспары бар. Оған 35 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Бұл порттан жылына 300-350 мың контейнер жүк тиелуге тиіс. Бұл ауқымды жоба да мемлекеттік қолдауға зәру. Инфрақұрылым мен теміржол салуға қомақты қаражат қажет. Жиында, сонымен қатар мемлекетке қайтарылған миллиондаған гектар жерді тиімді игеру, отандық құрылыс компанияларын тығырықтан шығару мәселесі де сөз болды.
Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы:
- Біздер қазір жерді қайтардық, жоспар бердік. Қостанай облысына деп айтамыз. Олар қайтарылды, енді игеру қалай болады? Оған кім барады? Құрылысқа байланысты мен сіздермен тұрақты жұмыс жасап жүрмін соңғы кездері. Құрылыс материалдарының бағасын қолдау. Құрылыс материалдарын өзімізде шығару мәселесінде әзірше ешқандай жаңалықтар көріп тұрғаным жоқ. Жабулы қазан жабулы. Әйтеуір кәсіпкерлер өздерінің қаржысымен шығып келе жатыр.